Оралда мектеп оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын баланы дәретханада ұрып, видеоға түсіріп, Желіге жариялап жіберген. Оқу-ағарту министрі буллингке қатысты істі ерекше бақылауына алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 13 қарашада сағат 7.50-де №38 орта мектептің спорт залындағы дәретханасында болған. Жәбірленуші оқушының ата-анасының сөзінше, олардың ұлы бұған дейін буллингке қатысты ештеңе айтпаған. Алайда оны ұрған бала видеоны Желіге жариялап тастағаннан кейін ұлдары бәрін айтқан. Ата-ана алаңдап, дабыл қаға бастаған. Олардың сөзінше, құрдастары ұлдарына қоқан-лоқы көрсетіп жүрген, дәлел ретінде жазған хаттарын көрсеткен.
Өңірдің білім басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Олардың сөзінше, тоғызыншы сынып оқушысы 8-сынып оқушысын қудалаған. Үшінші оқушы бәрін видеоға түсіріп тұрған. Жәбірленуші баланың ата-анасы мектеп әкімшілігінен бұл іске араласып, шара қолдануын сұраған. Бала мен оның ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл дерекке қатысты БҚО Полиция департаментінің өкілдері де пікір білдірді. Олардың сөзінше, 9-сынып оқушысының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оқушылардың арасында болған жайтты видеоға түсірген баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жәбірленуші баланың ата-анасының сөзінше, олар баланың психологиялық жағдайына алаңдап отыр. Бұл жайттан кейін оқушы тұйық болып қалған.
Оқу-ағарту министрі бұл жайтқа қатысты пікір білдірген. Ғани Бейсембаев агрессивті жасөспірімдер мектепте және полиция есебінде болуы керек екенін атап өтті.
"Маған көрсеткен хабарламаларда нақты қауіптер бар. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық. Егер ата-аналар балаларын тәрбиелеумен айналыспаса, онда оларды девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мекемелерде анықтау керек. Одан бөлек, айыппұл да бар! Мұны ата-аналарға түсіндіру керек. Балалардың басынан бірде-бір шаш түспеуі керек. Мұны әр мұғалім мен әр директор есте ұстауы керек. Кімде-кім онымен келіспесе, онда олар мектепте жұмыс істемеуі керек. баланың анасына ауыр тиді. Міндетсініп, оның алдында тек кешірім сұрау жеткіліксіз", - деді министр.
Бейсембаев бұл жағдай оның жеке бақылауында болатынын айтты. Екі аптадан кейін ол баланың отбасына қоңырау шалып, істің қаншалықты алға жылжығанын білуге уәде берді. Қажет болса, Оралға тағы да келетінін айтты.
"Мен әріптестерім үшін, мектеп директоры үшін, мұғалімдер үшін, басқарма мен білім бөлімінің басшылығы үшін кешірім сұраймын", - дейді министр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!