Бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақы мөлшері қанша?

Бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақы мөлшері қанша?
Фото: depositphotos.com

2025 жылы Қазақстанда бала босану және баланы бір жарым жасқа толғанға дейін күтуге байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді 535,4 мың адам алды. Төлемдердің жалпы көлемі 749 миллиард теңге болған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыны 312,2 мың адам алды. Бұл мақсатқа 56,4 миллиард теңге бөлінген. Тек қарашада 26,1 мың адамға 4,8 миллиард теңге төленген.

Бұл жәрдемақы бала туған, асырап алған немесе қамқоршылыққа алған Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктерге тағайындалады.

Жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты есептеледі:

бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге).

Бала күтіміне арналған жәрдемақы

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы төленеді. 2025 жылдың басынан бері бұл төлемді орта есеппен 125 мың адам алып, жалпы сомасы 40,2 миллиард теңге болды. Қарашада 127,8 мың адамға 3,7 миллиард теңге төленген.

Ай сайынғы жәрдемақы мөлшері:

бірінші балаға – 5,76 АЕК (22 648 теңге);
екінші балаға – 6,81 АЕК (26 777 теңге);
үшінші балаға – 7,85 АЕК (30 866 теңге);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (34 995 теңге).

2025 жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақы 6,5 пайызға индекстелді.

Жұмыс істейтін ата-аналарға арналған әлеуметтік төлемдер

Жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа табысқа және декреттік демалыс күндерінің санына байланысты есептеледі.

Жыл басынан бері мұндай төлемді 187,2 мың адам алып, жалпы сомасы 260 миллиард теңге болған. Қарашада 15,3 мың адамға 14,6 миллиард теңге төленді. 11 айдағы орташа төлем мөлшері – 1,43 миллион теңге.

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын табысынан айырылу жағдайы бойынша төлем қарастырылған. Бұл төлем соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Егіз немесе одан көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке төленеді.

2025 жылдың 11 айында бұл төлем 223,2 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 392,4 миллиард теңгеге жетті. Қарашада 14,9 мың алушыға 33,8 миллиард теңге төленген. Орташа айлық төлем – 86 221 теңге.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget