- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бала туудың көптігі"....
"Бала туудың көптігі". Дәрігер қазақстандық әйелдер неліктен жиі варикозбен қиналатынын айтты
Флеболог Нұрғазы Құрманәліұлы Дина Төлепбергенге берген сұхбатында әйелдердегі варикоздың пайда болуының негізгі себептерін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дина Төлепбергеннің айтуынша, Қазақстан әйелдерінің 90%-ында тамыр ауруы кездеседі. Дәрігер Нұрғазы Құрманәліұлы оның себебін түсіндіріп берді.
"Тамыр аурулары деген сөздің түбінде артериялық жүйенің аурулары немесе көктамырлар жүйесінің аурулары болуы мүмкін. Әйелдердегі ең жиі кездесетін ауру - әрине, варикоз. Варикозға әкелетін себептердің бірі - бала туудың көптігі. Одан кейінгі себептерге ауыр заттарды көтеру, артық салмақтың болуы, көп қозғалмау, соның ішінде бір орында ұзақ уақыт тұру жатады.
Мысалы, енді бала босанып келген әйелге ер адам көмектесуі керек. Түнде кезектесіп, баланы әкесі ұстаса, әйел ұйықтап алуы керек. Ал бізде қалай? Әйел босанып келеді, ол түнімен ұйықтамайды, күндіз қонақ күтеді. Бұл ағазаға үлкен күш түсіреді. Енді айта берсем, мұндай мысалдар өте көп", - дейді маман.
Флеболог қазақ әйелдерінің арасында аяқ варикозымен қатар жатыр варикозы да жиі кездесетінін айтты.
"Жүктілік арасы кемінде 3 жыл болуы тиіс. Өйткені жатырдағы барлық тамырлар үлкейіп кетеді. Жатыр варикозы деген де бар. Мысалы, бізге кеңес алуға қазақтың он әйелі келсе, соның жетеуінен аяқ варикозымен қатар жатыр варикозын көріп тұрамыз. Олар жиі бірге жүреді. Ал он орыс әйел келсе, олардың біреуінде жатыр варикозы болмайды", - дейді Нұрғазы Құрманәліұлы.
Оқи отырыңыз: Аяқ сіңірі тартылуының 12 себебі
А. Жапатова