Ерекше өнер иесі Салтанат Өмірбайқызы 10 жылдан бері жылан баптап келеді. Ол мұндай шешімге бір күнде келмеген. Оған бала кездегі цирктегі қойылымдар әсер етіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жан-жануарларға ерекше қызығушылықпен қарайтын Салтанат жыланды баптап-күтуіне марқұм анасының себепкер болғанын айтады.
"Анам өте сабырлы, момын адам еді. Өрмелеп бара жатқан өрмекшіге тиіспейтін. Жануарларды жақсы көретін. Мен ерте жасымнан бимен айналыстым. Анам мені үлкен сахналардан көруді армандады. Цирктерде түрлі жануарлармен өнер көрсетіп жатқан қыздарды көргенде, маған үлгі етіп отыратын. Атырауға цирк күнде келе бермейді ғой. Сондай цирк қойылымдарының бірінде жыланды көріп, ғашық болып қалдым. Сөйтіп, Малайзяға тапсырыс беріп, жыланды алдырдым", - дейді Салтанат.
Салтанат осымен екінші анаконданы баптап отыр. Джаванна есімді жыланы кәрілік жетіп өлген. Қазіргі Графиня есімді жыланының ұзындығы 3 метрге, салмағы 30 келіге жақындапты.
"Графиня - қыз жылан. Ерекшелігі сол - қыз жыландар адамның қолына тез бейімделеді. Әрине, мінезі бар. Ашуына тисеңіз, шағып алуы да мүмкін. Анаконданың уын алып тастағанымен, шаққан орны ісіп кетеді. Салдарынан адамда галюцинация болады. Сондықтан сақтану керек", - дейді Салтанат.
Анаконда қоянмен, тышқанмен қоректенеді екен. Иесінің айтуынша, ауырып тұрған, өлі жәндікті жылан да жемейді.
"Бір айда 8-9 көжек жейді. Бір күнде 2 қоян жесе, оны бір күн қорытады. Баптағанды жақсы көреді. Ваннаға суға түсіріп, бала сияқты күтемін. Жылан да жөтеліп, ауырады. Тропикалық ауа райынан келгендіктен, жыланға Атыраудың ауа райына үйрену қиындау. Ауырып қалса, емдеу қиын. Жыланым сырқаттанған жағдайда ветеринар келіп емдейді. Күтімі жақсы болса, екі айда бір рет терісін жаңартып тұрады. Күнделікті уақытта үйде торда сақтап отырамын", - дейді Салтанат.
Салтанаттың айтуынша, жылан өздігінен адамға ұрынбайды. Ол да иесін іздеп, таниды екен.
"Бастапқыда үйдегілер шешімімді бірден қабылдай алмады. Оның үстіне түсі суық жыланнан қорқып та жүрді. Қазір отбасым, соның ішінде балаларым да жыланға үйренді", - дейді Салтанат.
Арасында тойларға шығып, өнер көрсетіп жүрген Салтанат от шашу шоуын жасайды әрі билейді екен. Тіпті түрлі цирктерден Салтанатқа ұсыныстар да келген.
Салтанаттың негізгі мамандығы бұл саладан мүлдем алыс екен.
"Бірақ негізгі кәсібім – егіншілік. Жылыжайым бар. Лимон, мандарин, шабдалы, нектариннен бастап, алма, жүзім, алмұрт, шиеге дейін өсіріп жатырмын. Өзіме осы кәсібім ұнайды. Ал жылан - билеу үшін тек хобби", - деді Салтанат.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!