Қазақстанда әлеуметтік осал топтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да қамтыған қылмыстық схемалар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адам саудасына байланысты бірқатар ауыр қылмыстың жолы кесіліп, барлығы 39 дерек тіркелген, оның алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты.
"Алматыда жаңа туған нәрестелерді сату дерегіне қатысы бар қылмыстық топ әшкереленді. Ұйымдастырушылар қиын жағдайға тап болған жас әйелдерді сыйақы үшін сәбиін бөгде адамдарға беруге итермелеген", - деп жазылған хабарламада.
Барлық қатысушы ұсталған. 20-дан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тартып, қанау дерегі анықталды. 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, түнгі ойын-сауық орындарын жүйелі тексеру барысында Шымкентте, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды қанау дерегі анықталған.
Астанада полиция мен прокуратура бірлесіп, теміржол вокзалы маңында рейдтер жүргізген. Азаматтарды сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау бойынша сегіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
"Ақмола облысында діни топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл топ еркін жыныстық қатынастарды және отбасылық құндылықтардан бас тартуды насихаттайтын "рухани орталық" ұйымдастырған. Тінту барысында діни әдебиеттер, атрибуттар мен ритуалдық заттар табылды. Сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында "элиталы эскорт" ұйымдастырушыларының қызметі тоқтатылған.
"Олар түнгі клубтар мен барларға жас қыздарды тартып, жеңгетайлықпен айналысқан. Қылмыстық істер сотқа жіберілді", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова