- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бала кезінде қасқырдың...
Бала кезінде қасқырдың жүрегін жеген. Бір күнде танымал болған шабандоз Николай
Фотограф Ернар Алмабек 14 жастағы шабандоз Николай Дыцельдің бейнажазбасын жариялады. Қазірдің өзінде видео 900 мыңға жуық қаралып, мыңдаған адам пікір қалдырды. Қазақ тілінде таза сөйлейтін неміс ұлтының баласы көптің ықыласына бөленді. Massaget.kz порталы таныссыз бір-ақ күнде танымал болған Николайдың өзімен, ата-анасымен сөйлесті.
Ернар ағама рақмет, бір күнде таныссыз танымал етті
Николай Дыцель бір күнде бұлай танымал болып кететінін ойламағанын айтады.
"Бір досымның туған күніне ауыл сыртында Көкпар ойынын ұйымдастырғанбыз, қатты шөлдедік. Қарасам, бір көлік тоқтай қалды, шауып барып су сұрадым. Сөйтсем, бізді көріп тоқтаған журналист, фотограф Ернар Алмабек ағамыз екен. Содан фотосессия басталып кетті... Ернар ағамның арқасында таныссыз танымал боп шыға келдім, алғысым шексіз", - дейді ол.
@massaget.kz #николай #көкпар #шабандозбала?? ♬ original sound - Massaget.kz
Көкпар жігіттің төзімділігін сынап, атқа мығым отыруды үйретеді
Николайды кішкентай кезінен бастап атасы атқа мінгізіп үйреткен. Өзі де төрт түлік малға жақын болып өскен.
"Мектеп жасына келген кезде өзім атқа мініп, ары-бері шапқылап, үйде азын-аулақ мал бар, соларды қайырып келетінмін. Содан есейе келе достарыммен бірге ауылда өтіп жатқан көкпар ойынын көруге жиі баратынмын, қызығушылық пайда бола бастады. Соны байқаған жерлес ағаларым - Шамғұнов Есбол және Сырлыбай Нұрым ағаларым: "Көкпар жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады", - деп баулыды. Содан бастап атам маған ат баптауды, күтуді үйретті. Атама, Есбол мен Нұрым ағаларыма көп рақмет", - дейді шабандоз Николай.
Николайдың туған жері Қостанай болғанымен, 9 айында ата-анасы Алматы облысы, Кеген ауданындағы Жалаңаш аулына көшіп келген екен.
"Әкеме осы ауылдың табиғаты, тыныс-тіршілігі ұнап қоныс тепкен. Әжем 94 жасқа келіп дүниеден озды, мені өте жақсы көретін, атыма тілі келмей Нұрсұлтан деп атайтын. Алматыда үлкен атам мен үлкен апам тұрады. Атам - құрылысшы, осы аймақтардағы ірі мекемелерді салған. Үлкен апам - зейнеткер ұстаз, орыс тілі мен орыс әдебиетінен сабақ берген. Нұркен атамның мамандығы - гидрогеолог, казір зейнетте. Әкемнің ұлты неміс, фермер. Анам – қазақ, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі және психолог. Жамал Ермегияев атындағы қазақ орта мектебінде 9-сыныпта оқимын. Қарындасым бар, есімі Аделина, 5-сыныпта оқиды, биге бейім, жылда Мұқағалитану байқауларына қатысады", - дейді ол отбасы туралы.
Сөзімізді "атқа мінбейсің" деп қана тыңдата алатынбыз
Анасы Динара Жақашева ұлы бір күнде танылып, жан-жақтан хабарласқандар көп болғанын айтады.
"Балам өткен аптада келіп: "Мама, көкпар тартып жүргенбіз, фотограф аға келіп суретке түсіріп кетті" деді. "Құтты болсын" айттым, мән де бермеппін. Сосын Қостанайдан туыстары хабарласты, жан-жақтан қоңырау шалып құттықтай бастады. Сосын мен де көрейінші деп instagram-ға кіріп көрсем, керемет суреттер шығыпты. Германиядан жолдасымның туыстары хабарласты. Олар: "Қазақстанды сағындық. Көшіп кеткенімізге бірнеше жыл болды. Сонда да көзімізге жас келді. Қазысын, құртын аңсаймыз. Тәрбиелеріңе рақмет. Қазақстан сияқты кең-байтақ жер көрген емеспіз" деп жылап, алғыс айтты", - дейді анасы.
"Мама, біз қазақ емеспіз бе? Неге орысша сөйлейсіңдер?!"
Динара ұлының бала кезінде өте бұзық болғанын айтады, тек сөзін "атқа мінбейсің" деп қана тыңдата алған екен.
"Балам өте бұзық болды. Атасы ғана қанатының астына алып: "бұған тиіспеңдер, бұл баладан бірдеңе шығады" деп отыратын. Бұзықтығында шек болмады. Тек "атқа мінбейсің" дегенде ғана айтқаныңды тыңдайтын. Алғашқыда орыс мектебіне барды. Бірақ кейіннен қазақ мектебіне ауыстырған едік, бірден достар тапты. Мұқағали оқуларына қатыса бастады, қызығушылығы оянды. Атқа мінді. Мен өзі орыс тілінің маманымын ғой. Үйде орысша сөйлесек: "Мама, біз қазақ емеспіз бе? Неге орысша сөйлейсіңдер?!" деп отыратын", - дейді анасы.
Балам көкпар тартса, ана ретінде қорқып отырамын
Николай болашақта көкпармен кәсіби түрде айналысамын деп отыр. Анасы алғашында мал дәрігері оқуын оқыса деген, бірақ баласының ынтасын көріп, райынан қайтқан.
"Ана ретінде қорқамын ғой. Көкпар - қауіпті спорт. Алаңдаймын. Бірақ бұл бала күндіз-түні "көкпар-көкпар" дейді де отырады. Өзі төрт түлік малға жақын. Болашақта мал дәрігері болса дегем, бірақ көкпармен кәсіби түрде айналысамын деп отыр", - дейді анасы.
Николайдың бейнежазбасын қазір отандық БАҚ жариялап, өзін теледидарда түрлі бағдарламаға шақырып жатыр.
"Қазір баламның атына жақсы сөздер айтып, жан-жақтан хабарласып жатқандардың қарасы көп. Теледидардан бағдарламаға да шақырды. Бірақ Ернар Алмабек көпке танытқан соң, ол жігіттен аттап кете алмадық. Кім хабарласса да бірінші сол кісіге хабарласыңыздар деп айтып жатырмыз. Сізбен де сұхбаттасу үшін алдымен сол кісінің алдынан өттік", - дейді Динара.
Николай және әкесі Иван Дыцель
Папа, неге абыройды төгесің, "Қазақпын, Жәнібекпін" деп айтпайсың ба?!
"6 жасында Никошаны Қостанайға жібердік. Себебі әжесі ренжіді. Менімен орысша сөйлесе алмайды, келсін, орысша үйренсін" деді. Сөйтсек, сол жақтағы Иван, Андрей деген орыс балаларды қазақша сөйлетіп жіберіпті. Қайтатын болып, пойызбен жолға шықтық. Жолда ақсақал атамыз, біздің қазақша сөйлегенімізді көріп, жөн сұрады. Жолдасым ұлты неміс екенін айтты. Ақсақал: "бәрекелді, неміс болсаңдар да қазақша таза сөйлейсіңдер" тәнті болды. Сонда баламыз атып тұрып: "Папа, неге абыройды төгесің?! Қазақпыз, Жәнібекпін!" деп айтпайсың ба?" деп бәрімізді ду күлдіргені бар", - дейді Николайдың анасы.
Мен үш немісті қазақ еттім, сол аз ба?
"Кейде ұлым мама, мен қай ұлттың қызын алсам екен деп сұрайды. Мен оған: "Ұлым қай ұлттың қызын алсаң да, атаң мен апаңа келін әкелсең болды" деймін. Кейде маған да "Неге басқа ұлттың жігітіне тұрмысқа шықтың?" деп айтып жатады. Оларға: "Жүрекке әмір жүрмейді, мен үш немісті қазақ еттім. Сол аз ба?" деп айтамын. Қандай ұлт болса да біздің тіліміз бен дінімізді құрметтесе", - дейді ол.
Николайдың атасы Нұркен немерелерімен
Николай бала кезінде қасқырдың жүрегін жеген
"Жас кесімізде аңға шығатын едік. Қойшылар "осы маңда қасқыр жүр" деп ескерткен. Ағанас жазығында кездестіріп, атып алдық. Содан бір қойшының үйіне барып, қасқырды сойғыздық. Барлығы ырым етіп, тісін, тырнағын алды. Сол жердегі бір ақсақал: "Балам немерелерің болса, жүрегін пісіріп бер. Қасқыр жүректі болсын" деді. Үйге келгесін үш немереме пісіріп бердім. Бірі жемей қойды, екіншісі аздап ауыз тиді, үшіншісі осы – Никоша түк қалдырмай жеп алды. Ол кезде 4 жасар еді. Бір жылдан соң Алматыда тойға келдік. Атыраудан құдаларымыз келген екен. Оның қызы Лондонда оқып, ағылшынға тұрмысқа шыққан. Егіз ұлы бар, менің немереммен құрдас, ерте келіпті. Бір күні үйге келсем, інім қалжыңдап: "Ағылшындар мен немістер төбелесіп қалды" дейді. Сол кезде футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан болатын. Мен футболды айтып жатқан шығар деп: "кім жеңді?" деп сұрасам, күліп: "Біздің немістер жеңді" дейді. Оқиға былай болған екен. Мен жұмыстарыммен шығып кеткенде Никоша мен егіз бала ойыншыққа таласып, төбелесіп қалыпты. Никоша олардың аяғын тістеп, ұрып тастапты. Қасына жақындаса қасқырша ырылдап қорқытыпты. Сол құдамның немерелері кейіннен "Алматыға бармаймыз ол жақта қасқырша ырылдайтын Николай бар" деп айтып жүрді. Бұл әңгіме арамызда аңыз боп тарап кетті", - дейді Николайдың атасы.
Николай Дыцель Алматыға келгенде кәсіпкер Елжан Қажымұқан оған өнеріне тәнті болып, шапан жапты.
Т. Раушанұлы