“Бала кезден сурет салып, ағаш жондым“. Қолөнерші атакәсібі туралы айтып берді

37 жастағы Ертай Байжалғас бала кезден ағаш жонады. Ал атакәсіпті қолға алғалы 10 жыл болған. Ол туған өлкесінде "Баба жолы" атты шеберхана ашып, 4 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жүр. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен қолөнердің қыр-сыры мен қажырлы еңбегі туралы сұхбаттасты. 

"Мектеп табалдырығын аттағаннан сурет салып, ағаш жондым"

"Атакәсіпті бастағаныма 10 жылға жуықтапты. Мектеп табалдырығын аттағаннан сурет салып, ағаш жонып өскен бала болдым. Ауылдық жерде, Қабанбай батыр атындағы мектепте Сақтар Ниязбаев ұстазымнан тәлім алдым. Марқұм өте жақсы ұстаз еді, қолынан келгенін үйретті. Кейін 2005-2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық университетте қолөнер мамандығына түсіп, ол жерде де өте мықты ұстаздардан тәлім алдым", – дейді ол. 

Шебердің айтуынша, бұл кәсіпке қызығушылығын ұстазы ашқан. 

"Дәл осы түркі әлемі аспаптарын жасауды ұстазым ҚР Мәдениет қайраткері, хас шебер Жолаушы Тұрдығұлов ағамыздан үйрендім. Университет қабырғасында жүріп, кескіндеме өнерін, зергерлік өнерді, графика өнерін, этно-дизайн өнерін толық қамтып үйреткен ұстаздарыма мың алғыс айтамын. Қазір сол білімім көп көмегін тигізіп келеді", – деді ұста. 

Шебердің бала кездегі арманы басқа еді...

Алайда бала Ертайдың арманы басқа болған. Ол мектепте оқып жүргенде ұшқыш немесе әскери адам болғысы келген. 

"Мектеп қабырғасында жүргенде Ақтөбедегі ұшқыштар мектебіне немесе Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы училищеге түсуді аңсап, 9-сыныпты бітіре сала екеуіне де құжат тапсырып, сынақтарынан өткен едім. Бірақ "денсаулықта ақау бар" деп жарамай қалғаным бар. Сөйтсем, бұл сол кездегі әскери саладағы бюрократияның әлегі екен, оны кейін білдім. Қазір өнерім болмаса, әскери адам болар ма едім деп те ойлаймын", – дейді Ертай Байжалғас. 

Кейіпкер Абай университетін бітіргеннен кейін компьютерлік мамандықты меңгергісі келген. Ол қолөнер ісін қолға алмас бұрын жарнама агенттігінде компьютерлік қызметте жұмыс істеген.

"Оның көп көмегі тиді, компьютерді меңгердім, түрлі Қытайдан келетін аппаратпен жұмыс істеуді үйрендім. Қазір ұлттық аспаптарды жаңа технологиямен жасауға да көмегін тигізді", – дейді шебер.  

Домбыра жасау технологиясы қандай?

Ертай Байжалғас домбыраның қыр-сырын біледі, бірақ – ол аспапты шертудің емес, жасау шебері. Оның айтуынша, аспаптың жақсы шығуы ағашқа байланысты. 

"Ұстазым "адамның жақсысы нағашыдан, домбыраның жақсысы ағашынан" деуші еді. Домбыра жақсы кепкен қайың, үйеңкі, алма, қарағаш сияқты отандық ағаштардан құрап жасалады. Қазір заман дамып, әртүрлі шет мемлекеттен келетін палисандра, эбен, қызылағаш, акация, амарант, зирикот сынды, мұхиттың арғы жағындағы Африка, Индия, Канада, Аустралия елдерінен әкелінген қымбат ағаштардан да жасап жүрміз. Домбыраның шанағы 7-9-12 құрама болып бөлінеді, беті 4 бөліктен құралған шырша, қарағай ағаштарынан жабылады, мойны шамшат, қарағай, лиственник, граб ағаштарынан жасалады. Беткі әрлеу процесіне әртүрлі түбір немесе қатты ағаштан шпон салынып, сүйектен оюмен көмкереміз. Жалпы домбыра жасау технологиясында әр шебердің өзіндік қолтаңбасы болады. Жасалу жағынан да домбыраны ою салып, көмкеру жағынан да сол арқылы біз шеберлер арасында бір-біріміздің туындымызды ажыратып жатамыз", – дейді ол. 

"Қолыңнан шыққан туындыны сатуға да қимай қалатын кездер болады"

Шебердің жасаған ең қымбат аспабы – домбыра. Ол бір домбыра үшін 4 мың доллар алғанын айтты. Теңгеге шаққанда ол 2 миллионға жуық. 

"Әр саланың қиындығы мен жақсы жағы болатыны анық. Қолөнер де өнеркәсіп саласына жатады. Басынан-аяқ әр аспаптың басы-қасында жүру керек, халықтың көңілінен шығатындай етіп жасау керек. Қолыңнан шыққан туындыны сатуға да қимай қалатын кездер болады. Өнер мен еркіндік егіз ұғым ғой, бір-бірінсіз шықпайды. Кейде тапсырыс беруші де сауда екен деп базардағыдай саудаласып жатады, бірақ біз саудагер емеспіз. Біз – өнер адамымыз, атакәсіпті жандандырушымыз", – дейді ол. 

Кейіпкердің айтуынша, ағаш, пышақ, станокпен жұмыс істеген соң кейде түрлі жарақат алып жатады.

"Бастапқы кезде абайсызда саусақ кесіп алатын кез көп болды. Қазір қолымыз жаттыққан, автомат түрде істей береміз. Қауіпсіздік шарасына қатысты басты қағиданы ұстансаңыз, оқыс оқиғадан аман боласыз. Әрбір іске жауапкершілікпен қарау қажет", – деді Ертай Байжалғас. 

Қолөнершінің айтуынша, шәкірт аспап дайындаудың жаңа технологиясын ойлап тапса, бұл – ұстаз үшін мәртебе. 

"Осы күнге дейін он шақты шәкірт тәрбиеледім, оның барлығы шебер болып кетті деп айта алмаймын, бірақ бөлек шығып, кәсіп қылғандары бар. Бұл өнер болғандықтан, мұны тек ақша көзі ретінде ғана қарайтындар жарты жолдан тастап кетеді. Себебі бұл – төзімділікті және әрқашан ізденісті талап ететін сала. Әртүрлі көрмелерге барып, қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Рухани жағынан да дамимын дейтін адамға бір орнында отырып, ағаш жона беруге де болмайды", – деді ол. 

Айта кетейік, Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!