- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаржылық сауаттылық
Бала қанша жастан бастап қаржы сауаттылығын жақсы қабылдайды?
Белгілі экономист Мақсат Халық "Ой-ЛАЙЫҚ" Youtube-арнасына берген сұхбатында балаға қаржылық сауаттылықты қашаннан бастап үйрету керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол ғалымдар балаға тіпті 7 жасында қаржылық сабақ беруге болады деп топшылағанын жеткізді.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын жасөспірімдерге арналған "Әмиян" деген бағдарламаға сарапшы болдым. Кейінгі жылдары тағы сарапшы болдым. Қарап тұрсам, бағдарлама 10-12 жастағы балаларға арналған деп айтылса да, бір-екі бала 9 жаста болды. Кішкентай балалар. Сосын мен "балаларға қаржы сауаттылығы туралы қалай айтамын" деп ойладым. Осылай қиналып отырсам, керісінше, балалар өте пысық болып, ақпаратты жылдам қабылдап, зат сатып алуға дүкенге барған кезде сатушыдан "түбіртекті беріңіз, ол менің тұтынушылық құқығым" деп айтып жатқанын естіп, бала 9 жаста болса да, ақпарат бере беру керегін, ол қаржылық сауаттылыққа қатысты ақпаратты қабылдай береді екен деген ой түйдім. Соңғы үш жылдықта Гарвард университетінің ғалымдары зерттеу жариялады, онда балаға қаржы сауаттылығын 7 жастан бастап үйретуге болатыны жазылған. Сөйтіп мен 9 жас дегеннің бер жағы екенін түсіндім. Оған қоса, қазақстандық банктерде балаларға арналған шот ашыла бастады. Бұл үрдісті мен толығымен қолдаймын, балалардың жеке шоты болсын, оған ақша аударып тұрайық, қалай сауда жасау керегін үйретейік. Негізі мен оқушылардың оқу бағдарламасына қосымша пән енгізу дегенді қолдамаймын, өйткені бала онсыз да математиканы, негізгі тіл мен әдебиет, физиканы дұрыс меңгеріп шығу керек. Бірақ білім саласына қандай реформа керек дегенде, қаржы сауаттылығы болуы керек деп ойлаймын", - деді маман.
Еске салайық, бұған дейін мектеп пен ЖОО-да қаржылық және цифрлық сауаттылық бағдарламасы енгізілуі мүмкін екені хабарланған болатын.
Қаржылық сауаттылық: қалай шығынды азайтып, кірісті көбейтуге болады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә