- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бақыттың шуағына шомылған...
Бақыттың шуағына шомылған шаңырақ. Алматыдағы көпбалалы отбасының қуанышы
Алматы тұрғындары Саят пен Мадинаның бес қызы бар. Жуырда шаңырақты шаттыққа бөлеп, атұстар келді дүниеге. Сәбиге ата-анасы Мухаммат деген ат берді. Қуанышы қойнына сыймай, бақыттан жүзі бал-бұл жанған ана сәбиін құшағына алғанға дейін оның ұл болатынына сенбегенін айтады. Перзентімен сөйлесіп отырып, оны үйренген әдетпен қызым деп айтып қалатынын да жасырмады.
Бірнеше ай бұрын газ өткізген ерлі-зайыптылардың үйі жылы және жайлы. Алматыға аяз келіп, қыс қаһарына мінген сәтте біздің кейіпкерлеріміз енді балалары үшін уайымдамайды, көмір мен отын тасып, түнімен пешті қарап әбігерленбейді.
Бізді Саят пен Мадинаның үлкен қызы Адина қарсы алды. Адина 21 жаста, мамандығы бойынша шаштараз-сәнгер болып істейді. Арамыздағы өзара сұхбатымыз бойжеткеннің анасына деген шексіз махаббаты туралы әңгімесінен басталды.
"Ана бәрінің орнын толтыра алады, ал ананың орнын ешкім баса алмайды" деген сөз бар ғой. Бұл рас. Егер біз сәл ауыра қалсақ, анашым біздің жанымыздан табылады. Мен жақында тұрмысқа шықтым, қазір ата-анамнан алыс тұрамын, жанымда күйеуім, енем бар, бірақ анамның орны толмай тұратыны ақиқат. Үйдегі сіңлілеріме "кішкентай кездеріңде анамыздың құшағында еркелеп қалыңдар" деп үнемі айтып отырамын.
Мені жарық дүниеге әкелгені үшін, қандай қиындық көрсе де, бізге лайықты тәрбие бергені үшін анама алғысым шексіз. Ол маған әрқашан "қызым, мен сен үшін қалағаныңның бәрін жасаймын" деп айтатын. Өзінде қалмаса да, барын балаларына береді. Мұның қаншалықты қиын екенін өзім есейген кезімде түсіне бастадым", – дейді Адина.
Адинамен әңгімелесіп отырғанда, сіңлілері Алина, Азиза, Жансая және Фатима өз істерімен айналысып жатты. Олар тиісінше 17,14,10 және 9 жаста. Біздің әңгімемізге Мадина да қосылды.
"Бір қызым заңгер болғысы келеді. Екіншісі шаштараздың оқуын бітіріп алды. Үшіншісі өзінің кондитерлік дүкенін ашуды армандайды. Тағы бір қызым –боксшы. Ол маған әрқашан "анашым, әлі-ақ көресіз, мен әйгілі спортшы боламын" дейтін. Сөйтіп, оны боксқа бердім, қазір ылғи жеңіске жетіп, алтын медальдар мен грамоталар алып жүр. Кіші қызым балерина болғысы келеді. "Таңдау өздеріңде, болашақта бізде бәрі болады" деп айтып отырамын", – дейді Мадина.
Мухаммат 6 желтоқсанда дүниеге келген. Сол күннен бастап келіп жатқан құттықтаулар толастар емес. Біз әңгімелесіп отырғанда да, қонақтар келді. Сөйтсек, көп балалы ананы құттықтай келген Halyk Bank өкілдері екен. Көптеген сыйлықтар әкеліпті, оның ішінде ең бастысы – нәрестеге арналған бесік-арба, радиокүтуші, жөргектер бар.
"Мен 9 жыл бұрын босанғам. Сондықтан осы жолы дәрігерлер мені тұңғыш босанушы әйел деп атады, – деп еске алады Мадина күлімсіреп. – Жасым 42-де, босанатын әйелдердің арасындағы ең жасы үлкені болдым. Бірақ мен өзімді бұлай есептемеймін. Өйткені бір ай бұрын мұнда 49 жастағы әйел тұңғыш перзентін дүниеге әкеліпті".
Мадина тұрмысқа шыққанда, ата-анасы сияқты 12 балам болса деп армандағанын айтады. Бірақ жұбайы екеуі бес баламен тоқтауға шешім қабылдаған. Тағы сәбилі болатыны туралы жаңалыққа ерлі-зайыптылар әрі таңданып, әрі қуанып қалыпты.
"Күйеуім басында сен тек қыз туасың деп сенбеді. Бірақ ол қалайда ұл табуың керек қадалып қалған емес. Кім болса да, ең бастысы, дені сау бала болсын дейді".
Сәбидің бөлмесі тып-тыныш және ұядай жылы. Екі ай бұрын үйге газ өткізілген еді. Бұған дейін 13 жылға жуық уақыт бойы отбасы үйді көмір жағып жылытып келген болатын.
"Бір қыста 7 тонна көмір жағамыз. Ақшаға шаққанда, бұл 120 мың теңге. Отбасылық бюджетке үлкен салмақ болатын. Қанша жақсаң да, үй жылынбаушы еді, – дейді Мадина. – Алатау ауданының әкімдігіне келіп, газ өткізіп беруді өтіндім. Маған "уайымдамаңыз, өткіземіз" деді. Бір күні келіп, бәрін жасап, Halyk Bank-тің есебінен тегін кіргізіп берді.
Керемет болды, балалар да мәз. Үйді жайлаған көк түтіннен де, көмір толы ауыр шелектерден де құтылдық. Пеш жағу үшін ерте тұрмаймыз. Көмір таусылып қалады деп уайымдамаймыз. Пешті қалаған уақытымда қосамын, өшіремін. Газ өткізу үшін бір тиын да төлеген жоқпын. Көшеміздегі көптеген адамдарға көмектесті. Менің ойымша, әлі 4-5 отбасының үйіне газ кіргізілмеді, олар өз кезегін күтуде".
Мәдина қалай өмір сүріп жатқандары туралы ықыластана әңгімеледі (отбасы "Шапағат" шағынауданындағы Жансүгіров көшесінде тұрады). "Жол салынуда, екі апта бұрын көшелерге жарық шамдары орнатылды, қазір кеш болса самаладай жарқырап тұрады. Менің бесінші сыныптағы қызым екінші ауысымда оқиды, енді ол үшін алаңдамаймын. Мектеп алыс. Балалардың мектепке тасымалдайтын автобус беруге уәде еткен, соны күтіп жүрміз".
Жүктілікке дейін Мадина базарда сатушы болып жұмыс істеген. Саят шаруашылықта жұмысшы болып істейді.
"Балаларға 54 мың теңге жәрдемақы аламыз. Өмірге ризамыз, ешқашандай шағымымыз жоқ, ең бастысы, балалардың тамағы тоө, көйлегі көк, дендері сау, соған да шүкір. Ешқашан ешкімнен ештеңе сұраған емеспіз. Құрылысты біртіндеп саламыз. Қазір мен үшін ең бастысы – шатырды ауыстыру. Біз мұнда 2010 жылы көшіп келдік. Қазір менің батырым өсіп келеді, ол да көмектесетін болады", – дейді алматылық ана.
Біз әңгімелесіп отырғанда, үйдегілер анасының қолындағы сәбиді көтеруге таласып қалды. Әсіресе, Сима апай алғашқылардың бірі болып жетті.
"Менің 18 немерем бар, жақында шөберелерім де болады. Мен ең бай әжемін", – дейді ол мақтанышпен.
Бірлігі бекем, татулығы айрандай ұйыған осы отбасы мүшелерінің бір-біріне деген шынайы қамқорлығын көргенде, нағыз байлықтың осы екенін нақты түсінесіз. Біз бақыттың шуағына шомылған шаңырақта болып қайттық.
Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Серіктестік материал
Dinara