Дәл осындай атаумен Достық үйінде ата-аналардың облыстық форумы өтті. Форум бағдарламасында "Ата-ана және балалардың қауіпсіздігі", "Ата-ана және мектеп", "Баланың денсаулығын сақтау жолдары және өзекті сұрақтар" тақырыптары бойынша 3 секция жұмысы қарастырылды.
Форумның пленарлық отырысына ата-аналармен бірге мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, педагогтер қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз сөйлеп, ата-аналарға алғыс хаттар табыс етті.
"Жаз мезгілінде балаларымыздың бос уақыты көбейеді. Білім басқармасы, білім бөлімдері мектеп жанындағы, сауықтыру лагерьлерін ұйымдастырады. Дегенмен демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігі басты назарда болу керек. Әсіресе су айдындарындағы қауіпсіздікке аса мән беруіміз қажет. Қалада ересектердің қарауынсыз қалған балалардың терезеден құлап кеткен жағдайлары жиі кездеседі. Маусым айынан бастап түнгі рейдті күшейтеміз. Өңірде кәмелетке толмағандардың қатысуымен түрлі жағдай туындап жатыр. Біз соның алдын алуымыз керек. Ата-аналар жұмыста көбірек уақыт өткізуге мәжбүр, ал балаларға олардың қамқорлығы жетіспейді. Сондықтан біз оларды түрлі жобаларға тартуымыз керек, бұл үшін ведомствоаралық байланыс маңызды. Баршаңызды, әсіресе, білім бөлімі мен ішкі істер бөлімін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын", - деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың берген мәліметі бойынша кейінгі бес жылда облыс бойынша 28 бала суға батып кеткен. Өрт салдарынан екі бала қаза тауып, төрт бала түрлі жарақат алған. Бала өлімінің негізгі себептері ересектердің қарауынсыз қалу, тыйым салынған жерге шомылу, отпен ойнауы болып отыр. Сондықтан Төтенше жағдай департаментінің мамандары ата-аналарды баланы көзден таса қылмай, қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрайды. Жергілікті полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Мирлан Қазекеновтің айтуынша, кәмелетке толмағандардың 23.00-ден кейін түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруіне 1327 хаттама толтырылған. Қазіргі күнде жасөспірімдердің үйден кетіп қалуы жиі кездеседі. Балаларына заңбұзушылыққа жол берген ата-аналарға да жауапкершілік көзделген.
Форумның пленарлық сессиясы барысында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ана мен баланы қорғау, ерекше мұқтаж балаларды әлеуметтік қолдау, балалардың қалыптасуындағы ата-аналар институтының рөлі және тағы басқа мәселелер қаралды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!