Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы хабарлады.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының Іс-шара жоспарын орындау бойынша жұмыс топтарының есептері тыңдалды. ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов баяндама жасады.
Сондай-ақ, Астанада «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың Халықаралық орталығын құру бойынша мәселе талқыланды. Тұжырымдамаға сәйкес, орталықтың негізгі міндеті Қазақстанның «жасыл экономикаға» тәжірибелік көшуіне жәрдемдесу, жаңартылатын энергия көздері және экологиялық таза технологиялар сияқты «жасыл экономика» салаларын дамытуға қажетті тұрақты негізді қалыптастыруға қолдау көрсету, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Атап айтқанда, орталық «жасыл» технологиялар трансферті бойынша елдердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар тапсырмалар берді.
Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылғы 26 мамырда құрылды. Кеңес төрағасы ҚР Премьер-Министрі болып табылады.
Кеңес Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыруға мониторинг жүргізу және бағалау, мониторинг жүргізу және бағалау негізінде сәйкес ұсынымдар жасау, «жасыл» және тұрақты даму қағидаларымен экономиканы жаңғыртуды қамтамасыз ететін Тұжырымдаманы жүзеге асыру стратегиясын, тәсілін және тетіктерін анықтау мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші орган болып табылады.