15 наурыз күні Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытжан Сағынтаев белсенді жастармен кездесу өткізді.
Қазақстандағы түрлі жастар ұйымы жетекшілерінің қатысуымен өткен шара барысында жетекшілер Жастар жылы аясында жасап жатқан жұмыстарын таныстырды.
Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта жүзеге асатын түрлі әлеуметтік жобаларға тоқталды. Атап айтсақ, жастарға сапалы білім беру, денсаулық сақтау қызметінің қолжетімді болуы, баспаналы болу, бос уақытты тиімді жоспарлау, жастарды жұмыспен қамту, жастардың әл-ауқатын арттыру мәселелері қаралды.
– Алға қойып отырған мақсат-міндеттеріміз өте ауқымды. Оны өздеріңізбен бірге атқарамыз. Егер жастар тарапы өздігінен бастама көтеріп, құлшыныс танытпаса, біз көздегенімізге жете алмаймыз. Сондықтан бәрі сіздердің қолдарыңызда. Ойларыңызды ашық айтыңыздар. Қазір елімізде жастардың білім алуына, кәсіби біліктіліктерін арттыруына және кәсіпкерлікпен айналысуларына барынша қолдау көрсетіліп отыр, - деді мемлекеттік хатшы Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, Бақытжан мырза барлық жастарды биылғы жылы ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене атсалысып, кәсіби біліктіліктерін арттыруға, жаңадан енгізілген "әлеуметтік лифт" мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырды.