Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжанов өзін толық ақтауды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот жүйесінің кассациялық соттар департаменті Бақытжан Байжановтың мүддесіндегі адвокат Секеров пен қорғаушы Күлдеевадан кассациялық шағым түскенін хабарлады.
Адвокат Секеров бірінші сатыдағы сот үкімі мен апелляциялық шешімнің күшін жойып, Байжановты толық ақтауды сұрап отыр. Оның пікірінше, сотталушының әрекетінде қылмыс құрамы жоқ. Ал қорғаушы Күлдеева ақтауды талап етпейді, бірақ жазаны жеңілдетуді сұрады.
"Кассациялық шағымда адвокат А.Ж. Секеров Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы үкімі мен Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысының күшін жоюды және сотталған Б.А. Байжановты ҚР ҚК-нің 432-бабында ("Қылмысты жасырып қалу") көзделген қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрайды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір іс кассациялық сот өндірісінде. Сот отырысы 2026 жылғы 14 мамырға белгіленген.
Айта кетейік, Бақытжан Байжанов - бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша қылмысты жасырып қалғаны үшін сотталған болатын.
2024 жылғы 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚК-нің 432-бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова