Бақытжан Байжанов қашан бостандыққа шығады? Мән-жайы белгілі болды

Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов 22 шілдеде бостандыққа шығады. Бұл туралы сотталушының тағы бір адвокаты Әлібек Секеров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңгердің айтуынша, сот шешімімен Бақытжан Байжанов қамаудан босатылады. Ол 22 шілдеде сағат 18:00 шамасында бостандыққа шығуға тиіс.

"Сот оны дереу босату туралы қаулы шығарды, өйткені 2025 жылғы және биылғы рақымшылықты қолданғанда, оның жаза мерзімі 2026 жылғы 20 қарашаға дейін қалған еді. Рақымшылыққа байланысты оның жаза мерзімі автоматты түрде толық қысқарады және ол дереу босатылуға тиіс", - деді Әлібек Секеров.

Оның сөзіне қарағанда, Бақытжан Байжановқа 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау тағайындалған. Сондай-ақ, ол Бақытжан Байжановтың жұбайы оны күтіп алу үшін Степногорск қаласына аттанғанын айтты.

Айта кетейік, Бақытжан Байжанов - бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе қылмысты жасырды деген айыппен жауапқа тартылған болатын. 2024 жылғы 13 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бақытжан Байжановты кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім шыққаннан кейін Бақытжан Байжановтың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Олар қылмыс құрамы болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.

26 маусымда Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.

Кейін Бақытжан Байжанов рақымшылық жасау туралы өтініш берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!