Бақытжан Байжанов бостандыққа шығады

Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығуға дайындалып жатыр. Бұл туралы сотталушының адвокаты Ғазиз Ынтықбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

БАҚ-та Бақытжан Байжанов колониядан бүгін шығуы мүмкін екені туралы ақпарат пайда болды. Адвокаттың айтуынша, 22 шілдеде сот отырысы өтіп, сот Бақытжан Байжановқа қатысты амнистия актісін қолданған.

"Сот оны дереу босату туралы қаулы шығарды. Жазаның өтелмеген бөлігі үш айдан сәл асады. Бүгін Бақытжан отбасына оралады", - деді Ғазиз Ынтықбаев.

Бақытжан Байжанов жазасын Степногорскідегі орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеген болатын.

Айта кетейік, Бақытжан Байжанов - бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе қылмысты жасырды деген айыппен жауапқа тартылған болатын. 2024 жылғы 13 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бақытжан Байжановты кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім шыққаннан кейін Бақытжан Байжановтың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Олар қылмыс құрамы болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.

26 маусымда Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.

Кейін Бақытжан Байжанов рақымшылық жасау туралы өтініш берді. 2025 жылғы тамызда сот Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заң аясында оның өтелмеген жаза мерзімі үштен бір бөлікке қысқартылғанын хабарлады. Осылайша оған 1 жыл 4 ай 17 күнге бас бостандығынан айыру мерзімі белгіленді.

Ол шамамен 2026 жылғы желтоқсанда бостандыққа шығуға тиіс еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!