ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев Massaget.kz ақпарат порталына берген эксклюзив сұхбатында мемлекеттік басқарудың тетіктеріне қатысты пікір білдірді.
Депутаттың пікірінше, кез келген адам өз өмірін өзі басқарады, тура сол секілді мемлекеттік басқаруда менеджменттің төрт бағыты бар.
"Ол - бірінші кезекте жоспарлау. Екіншісі - басқару. Үшіншісі - бақылау. Төртіншісі - мотивация. Бізде жоспарлау күшті. План қоямыз. 2030 жылы былай істейміз, 2050 жылы мынаны істейміз деген болды. Неше түрлі бағдарлама болды. Күшті жоспарладық, соған сай басқара да білдік. Небір басқарушылар бар, небір басы қатты істейтіндер бар, болды да. Шетелде оқыды, Гарвардта оқыды, менеджменттің жеті атасына дейін біледі дейді де, үшінші жерге келгенде жауапкершілік ала білмейді. Бақылауға келген кезде қорқады. Осы бақылау жоқтығынан, бақылау әлсіздігінен бөлінген ақша талан-таражға түсіп, біреудің қалтасына кетіп жатыр. Болмаса тіпті бақылайтын адамдардың өздері де бөлісіп, жоқ қылып жатыр. Үшінші жүйе құлағаннан кейін менеджментте мотивация ешқашан болмайды. Қарапайым ғана мысал. Жолға ақша бөлінді, жоспарланды, әйтеуір бір бастықтар жүрді, бақыланбады, ақша ұрланды. Жолдың бәрі быт-шыт. Ол жақта да, біз жақта да мотивация жоқ. Біз не істейміз? "Билік жаман" дейміз де, сол дүние қалып қойып отыр. Адам қарапайым өмірінде де осы төрт нәрсені алса екен деймін. Біздің мемлекеттік органда болсын, басшыларда болсын басқару бар, ұйымдастыру да бар, бірақ бақылау болмағаннан кейін көп нәрсе құрып жатыр", - деді депутат.
Сұхбат барысында ол "оптом тұсаукесер", "ауызға түкіру" секілді жайттарға, депутаттық жұмысына және қабылданған заңдарға қатысты да ашық пікір білдірді.
Сұхбаттың толық нұсқасын Massaget.kz YouTube арнасынан көре аласыздар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова