Бакуден Ақтауға ұшқан ұшақ күтпеген жайтқа тап болды

Ақтау әуежайындағы ұшақтардың бірінен ақау шыққан. Бұл жайтқа қатысты Көлік министрлігінің баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бакуден (Әзербайжан) Ақтауға ұшып келген ұшаққа қатысты мәселе туындаған. Ұшақта жолаушылар болмаған.

"Ұшақ штаттық режимде қонды, алайда қонғаннан кейін әуе кемесінің алдыңғы жағындағы тіреуішінде мәселе пайда болды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Әуежай мен жердегі қызметтер әуе кемесін ұшу-қону жолағынан сүйреп шығарған. Министрлік өкілі әуежай ашық екенін және штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

Tengrinews.kz мәліметінше, сөз Gulfstream жеке ұшағына қатысты болып отыр.

Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметінің өкілі бұл оқиға сағат 09:04-те болғанын мәлімдеді.

"ASG Business Aviation LLC әуе компаниясының G450 ұшағы штаттық режимде қонды. 11/29 ұшу-қону жолағының бұрылу алаңында ұшақ экипажы шассидің тіреуішін басқаруда қиындықтарға тап болды. Кейін әуежайдың сүйреткіш техникасы шақырылды. Ұшақ тұрақ орнына жеткізілді", - деді комитет өкілі.

Ұшақтың алдыңғы жағындағы тіреуіші - әуе кемесінің алдыңғы бөлігінде орналасқан шассидің бір бөлігі. Ол ұшақтың жүруінде, ұшып-қонуында тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!