“Бажкенованың пәтері мен кеңсесінде тінту жүргізіліп жатыр“ деген ақпарат тарады: полиция не дейді?

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Orda порталының кеңсесінде, сондай-ақ, бас редактор Гүлнәр Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы Полиция департаменті жағдайға пікір білдірді.

"Алматы Полиция департаментіне түскен өтініштер негізінде О. ақпарат ресурсының редакторы Б.-ға қатысты қасақана және бірнеше рет жалған мәлімет тарату деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу шаралары аясында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексеріліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкері пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай дерек болмағаны нақтыланды. Осылайша, Б.-ның әрекеттері жазбада көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған", - деп жазылған хабарламада.

Полиция мәліметінше, тағы бір жазбада мүлік дауына қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған, шындыққа сәйкес келмейтін дерек берілген.

"Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген. Бұдан бөлек, былтыр жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексерістер жүргізіліп жатыр. Бұл жазбаларда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкін", - деді полиция.

Сонымен қатар, Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

"Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ, оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрон құрылғылар мен материалдар тәркіленіп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр. Барлық мән-жай қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталады", - деді полиция.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!