Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берді. Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар. 14 шілдеде кеңейтілген Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше министрді сынаған болатын. Оның ішінде министр Бағдат Мусин де бар. Министр Президенттің сыны туралы не ойлайды?
Бағдат Мусин Президенттің сыны орынды болғанын атап өтті.
"Біз цифрландыру қарқынын дамытуымыз керек. Цифрландыру - бюрократияны азайту мен сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюдың, елде жинақталған көптеген міндет пен проблемалық мәселені шешудің кілті.
Бірақ цифрландырудың өзі барлық мемлекеттік органның жұмысына негізделеді. Біздің министрлік фарватерде болуы керек, біз шешім қабылдай білуіміз керек және туындаған қарсылыққа қарамастан, цифрландыруды жылжытуымыз керек. Жалпы, тарихи тұрғыдан цифрландыру жағынан жақсы дамып келе жатқан мемлекеттік органдар бар. Жалпы, мемлекеттік органдар арасында цифрландыру аутсайдерлері де, көшбасшылар да бар. Егер нақты мысал алатын болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы геологиялық ақпараттың қазақстандық деректер базасында цифрландыру қарқынын жеделдету туралы айта отырып, назарын аударды", - деді Мусин сұхбатта.
Еске салайық, 14 шілдеде Үкімет отырысында Президент цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына қанағаттанбайтынын айтқан болатын.
"Үкімет Ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, нашар. Есеп комитетінің сынына ұшыраған "Зерде" ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде Премьер-министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз", - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.