Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарды интернетті үнемдеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстандықтардың 15-20 гигабайт ақпарат тұтынуға үйреніп қалғаны анық. Бірақ үнемдейік. Ұялы интернет құны қымбат екенін түсінейік. Үйге келген соң Wi-Fi желісіне ауысу керек. Үнемдеп үйренейік. Суды үнемдеу керек қой? Адам сусыз өмір сүре алмайды, бірақ оны үнемдеу керек. Мұнымен келісесіз ғой?",- деді Мусин сауал қойған журналистерге.
Министрге интернет су секілді таусылатын ресурс емес қой деген сауалдарына, Мусин интернеттің одан еш айырмашылығы жоқ екенін айтты.
"Интернет те таусылатын ресурс. Техникалық білім беру бағдарламасын жүргізу керек болса, мен дайынмын. Ол таусылады, өйткені базалық станция белгілі бір мобильді құрылғыларды қосады. Белгілі бір саннан көп мобильді құрылғылар қосылса, байланыс нашарлай бастайды. Ал екінші базалық станцияны орнату үшін қомақты инвестиция қажет. Инвестиция қайдан келеді?
"Біздің қалтамыздан!".
"Ал басқаша қалай? Экономика бойынша әркім әр нәрсесі үшін төлейді", - деді министр.
Еске сала кетейік, жақында Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы интернеттің сапасына қатысты мәселені көтеріп, елордадағы интернет пен ұялы байланыстың тұрақтылығы көп нәрсені талап ететінін айтқан болатын.
Бұған жауап ретінде Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин радиофобтарды және жалпы қазақстандықтарды кінәлаған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!