Бағасына сапасы сай емес - Министр мобильді интернетті үнемдеуге шақырды

Бағасына сапасы сай емес - Министр мобильді интернетті үнемдеуге шақырды
Фото: ort.com.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенат кулуарында байланыс операторларының тариф бағасын көтеруіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Министрден журналистер баға мен сапа қашан бір-біріне сай болады деп сұрады. 

"Сіздердің талап етулеріңіз дұрыс. Біз де үкімет ретінде талаптарды күшейтіп жатырмыз. Қазір біз секундтағы мегабит саны бойынша минималды деңгейді көтеріп жатырмыз. 5G-ге қойылатын талапты 50 мегабитке дейін арттыру бойынша жұмыс жасап жатырмыз, әрі қарай да жалғастырамыз деп ойлаймын. Сіздер үнемі видео жіберетін шығарсыздар. Сондықтан Wi-Fi бар кезде соған қосылып жүруге кеңес беремін. Мен де солай істеймін", - деді Мәдиев. 

Ал пайдаланушыларға ескертусіз тарифтерді көтеруге тыйым салу мәселесі бойынша министрлік ешқандай шара қолдана алмайтындарын алға тартты. 

"Бізде бағалар Кәсіпкерлік кодексі бойынша реттелмейді. Олар базалық станциялар мен антенна-мачталық құрылымдарға үлкен инвестиция құяды. Сол себепті біз оларға тыйым сала алмаймыз", - деп түсіндірді министр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет