"Э, братан". Алматы облысы әкімдігі қызметкерінің "Бағанашылдан" балаларды көшіру кезінде айтқан сөзі көпшілікті ашуландырды. Алматы облысының Білім басқармасы өкілі жағдайға пікір білдіріп, қызметкерге қатысты қандай шаралар қабылданғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысы Білім басқармасы маманы Мадияр Шәріповтің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқан балалармен сөйлесіп жатқан сәті видеоға түсіп қалған.
"Э, бауырым... Біз еркекпіз ғой, келісеміз... Э, бауырым, мен сені түсінемін, сен де мені түсін…" - дейді ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Басқарма мәліметінше, Мадияр Шәріпов бұл қызметке шамамен бір ай бұрын қабылданған және сынақ мерзімінде жүрген.
"Видеода оның айтқан сөздері мемлекеттік қызметкер этикасына сәйкес келмейді. Осыған байланысты онымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, әрі бұдан былай мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтыны туралы ескерту берілді. Болашақта оның кәсіби қызметі мен қарым-қатынасы басқарма басшылығы тарапынан тұрақты бақылауда болады", – деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ, басқарма қызметкердің іс-әрекеті үшін кешірім сұрады.
Бұған дейін не болды?
2025 жылы наурызда №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанына шағымданды. Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды.
Кейінірек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескен болатын.
"Біздің мақсатымыз - балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады", - деді бұған дейін өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алайда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде Алматы облысы Білім басқармасының 2025 жылғы 10 шілдедегі "Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдаудың облыстық орталығы" КММ-нің орналасқан жерін өзгерту туралы" бұйрығын жариялады.
Кейінірек Алматы облысы әкімдігі мәлімдеме жасады. Әкімдік мәліметінше, мекеме Қонаевқа көшіріле бастаған, себебі мекеме орналасқан ғимарат апат жағдайында тұр.
Артынша "Бағанашыл" балалар үйін Президент әкімшілігінен келген комиссия тексерді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова