Алматыдағы "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру туралы оқиғадан кейін білім басқармасының жаңа басшысы тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Арайлым Төлеубекова 21 тамыздан бастап Алматы облысы білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Ол 1977 жылы дүниеге келген, 2004 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, 2015 жылы Алматы университетін, 2020 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін тәмамдаған, 2017 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде "құқықтану" мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2001 жылы Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастаған.
2025 жылы наурызда №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанына шағымданды. Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды.
Кейінірек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескен болатын.
"Біздің мақсатымыз - балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады", - деді бұған дейін өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алайда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде Алматы облысы Білім басқармасының 2025 жылғы 10 шілдедегі "Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдаудың облыстық орталығы" КММ-нің орналасқан жерін өзгерту туралы" бұйрығын жариялады.
Кейінірек Алматы облысы әкімдігі мәлімдеме жасады. Әкімдік мәліметінше, мекеме Қонаевқа көшіріле бастаған, себебі мекеме орналасқан ғимарат апат жағдайында тұр.
Артынша "Бағанашыл" балалар үйін Президент әкімшілігінен келген комиссия тексерді.
Жуырда үш шенеунік қызметінен айырылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!