Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысы әкелінуін Ресей президентінің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады.
"Құрметті Владимир Владимирович, Қазақстан аумағына жолбарыстарды жерсіндіру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге шынайы алғыс айтамын. Бағалы сыйыңыз туралы ел азаматтарының барлығы кеңінен құлағдар болды. Осы игі іске атсалысқан екі елдің мамандарына ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілгенін де айтты.
"Қазақстан мен Ресейде екі елдің Мәдениет күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықтарымыздың бай рухани мұрасын паш ететін іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Екі ел тарихшылары мен саясаттанушыларының пікірталас алаңдарында бас қосуы да игі дәстүрге айналды. Биыл үшінші Қазақстан – Ресей медиафорумы өтеді. Бұл жиын ақпараттық ықпалдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар халықтарымыз арасына сына қағатын жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасуға қажет. Биыл шілде-тамыз айларында Астанада үшінші "Болашақ ойындарын" табысты өткізуге ден қойып отырмыз. Білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталғым келеді. Қазақстанда "Сириус" таланттары екі рет кездесті. Яғни жаңа буын мамандарын даярлау үшін дарынды жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Биыл қаңтарда Алматыда "Сириус" орталығы бой көтеретін жерге алғашқы капсуланы салу рәсімі өтті. Жаңа ғана біз Астанада дәл осындай іс-шараға куә болдық. "Сириус" орталығының білім беру жобалары гуманитарлық саладағы мақтан тұтар бастамамызға айналып, екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға зор үлес қосары анық", – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастары жылнамасына енетініне сенім білдірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова