Бағалар өсіп, инфляция қыспақта - Ұлттық банк сенаторларға ескерту жасады

Бағалар өсіп, инфляция қыспақта - Ұлттық банк сенаторларға ескерту жасады
Фото: mail.kz

Сенат отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин елдегі инфляциялық қысымның әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Сенат қабырғасында "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң қаралып жатыр. 

"Қазақстандағы инфляция біртіндеп төмендегенімен, бұл үрдіс тұрақсыз сипатқа ие. Қазан айында ол қыркүйекпен салыстырғанда жылдық көрсеткіш бойынша 8,5%-ға дейін өсті. Инфляция 2023 жылғы ақпандағы шарықтау шегінен 2,5 еседен аса төмендеді. Дегенмен бұл көрсеткіш Ұлттық банктің 5% деңгейіндегі нысаналы көрсеткішінен айтарлықтай жоғары", - деді Виталий Тутушкин.

Ұлттық банк жыл басынан бері негізгі ставканы төрт рет төмендетті. Ол 15,75%-дан 14,25%-ға дейін азайды.

"Біздің болжамымыз бойынша алдағы екі жылда инфляция 5% деңгейіне жақындап, 2025 жылы 5,5-7,5% дәлізінде, ал 2026 жылы 5-7% аралығында қалыптасады. Қазіргі уақытта болжамдарды тоқсан сайын жаңарту процесі жүріп жатыр. Қорытындысын 29 қарашада жариялаймыз", - деп түсіндірді Виталий Тутушкин.

Сауда серіктес елдерде де спикер алдағы уақытта инфляцияның баяулауын болжап отыр.

"Қазіргі уақытта Ресейдегі инфляция динамикасы теріс сипатқа ие, ол өсіп келеді. Алайда келесі жылы Ресейдің орталық банкі инфляцияның айтарлықтай баяулайтынын болжады және негізгі мөлшерлеменің төмендеу процесі басталатынын айтуда. Бұл Ресей тарапынан Қазақстандағы ішкі бағаларға инфляциялық қысымның айтарлықтай төмендейтінін көрсетеді. Дегенмен біз орташа қатаң ақша-несие саясатын жалғастырамыз, егер инфляциялық процестердің тұрақты түрде төмендейтініне сенімді болмайынша, базалық мөлшерлемені төмендетпейміз. Жаңартылған болжамдар қосымша 29 қарашада жарияланады", - деді Ұлттық банкі өкілі. 

Қазақстанда инфляцияның баяу төмендеуі экономиканың негізгі салаларына әсер етуді жалғастырып отыр. Ұлттық банк бағаның өсу қарқынын тежеу үшін қатаң ақша-несие саясатын сақтап, инфляцияны 5% деңгейіне жеткізуді мақсат етеді.
 
 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет