БАӘ іздеуде жүрген үш адамды Қазақстанға ұстап берді

Біріккен Араб Әмірліктері іздеуде жүрген үш адамды Қазақстанға ұстап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және Ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің қолдауымен Қазақстанның үш азаматын экстрадициялаған.

Олардың біреуі 2019-2020 жылдары сыбайласымен бірге Астанада халықаралық орталық салуға арналған жер учаскесін алуға жәрдемдесуге уәде етіп, алдау арқылы жәбірленушінің 368 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатын иемденген.

Тағы біреуі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені, тонағаны және бұзақылық жасағаны үшін іздеуде болған. Ол 2021 жылы Алматы қаласында адамдармен бірге жәбірленушіге шабуыл жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген және жалпы сомасы 100 мың теңгеден асатын жеке мүлкін иемденген.

Үшінші күдікті биыл жазда Астана қаласында Қытай азаматының 24 200 АҚШ долларын ұрлады деген күдікке ілінген.

"Олар қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған. Кейін олар Біріккен Араб Әмірліктері аумағында жүргені анықталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдіктілер тергеу изоляторына қамалды, соталды тергеп-тексеру қайта басталды", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!