- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БАӘ өкілдері әлемдік...
БАӘ өкілдері әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысады
Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктері еліне барып, толеранттылық министрі шейх Нахаян бен Мубарак Әл Нахаянмен кездесті. Кездесу барысында дінаралық диалог пен қоғамдық келісім мәселелері бойынша екі жақты ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.
Кездесу барысында Дархан Кәлетаев ішкі саяси тұрақтылық, дінаралық және этносаралық үйлесімді қамтамасыз ету мәселелері тікелей Қазақстан Республикасы Президентінің назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің өмірдің барлық салаларына төзімділік принциптерін енгізу үдерісі кешенді көзқарас екенін айтты. Тараптар әлемнің түрлі өңірлерінде мемлекетішілік және жаһандық деңгейдегі әр түрлі этникалық топтар мен діндер өкілдерінің арасындағы қақтығыстың орын алуы өзара байланысы мен ынтымақтастығының әлсіреуімен тығыз байланысты екенін атады. Ал өз кезегінде шейх Нахаян бен Мубарак Әл Нахаян Халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне тоқталып, Қазақстан көшбасшысының дінаралық диалогты ілгерілетудегі күш-жігерін, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен түрлі қақтығыстарды реттеуді күшейтуге бағытталған өзге де бітімгершілік бастамаларын жоғары бағалады. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері Астанада ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі шын мәнінде түрлі дін өкілдерін біріктіретін жаһандық диалог алаңына айналғанын ерекше атап өтті. Одан өзге осы жылдың 10-11 қазан күндері өтетін VI Астана съезіне өздерінің қатысуын растайтынын мәлімдеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі 3 жылда бір рет ұйымдастырылады. Әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алады.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады. Биылғы сьездің басты ұраны "Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында" деп аталады. Кезекті алқалы жиынға көрнекті діни қайраткерлер мен беделі биік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып, қазіргі таңдағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасатын болады.
Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық Федеральдық Мәжілісі төрағасының бірінші орынбасары Маруан бен Глейтпен және Дубай әмірлігінің Ислам және қайырымдылық істері департаментінің Бас директоры Хамад аш-Шейбанимен де кездесті.
О. Сансызбай