БАӘ мен Түркияға сапарлар ұйымдастырған: Грузия қаржы пирамидасы бойынша күдіктіні қайтарды

БАӘ мен Түркияға сапарлар ұйымдастырған: Грузия қаржы пирамидасы бойынша күдіктіні қайтарды
Фото: depositphotos.com

World Business Consulting қаржы пирамидасы ісі бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті World Business Consulting қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық ету дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу амалдарына сай 2020 жылы күдікті азаматтардың қаражатын жоғары табыс әкелетін инвестициялық бағдарламаларға қатысу деген сылтаумен тартқан. Алайда компанияның тиісті лицензиясы болмаған және іс жүзінде инвестициялық қызметпен айналыспаған.

Қаражат қолма-қол қабылданып, бухгалтерлік құжаттар рәсімделмеген. Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру мақсатында салымшыларға онлайн платформада жеке кабинеттер ашылып, онда жалған "табыс" көрсеткіштері бейнеленген.

Түскен қаражат қаржы пирамидасына тән қағида бойынша қайта бөлініп отырған, яғни бұрын тартылған қатысушыларға төлемдер жаңа салымшылар есебінен жүргізілген.

Жаңа қатысушыларды тарту үшін таныстырылымдар мен үгіт-насихат іс-шаралары ұйымдастырылып, БАӘ мен Түркияға сапарлар өткізілген.

Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз схема бастапқы кезеңінде тоқтатылды. 2024 жылы күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, сот санкциясымен сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Ол 2026 жылғы қаңтарда Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.

Сот санкциясымен күдіктінің жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget