- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дариға Назарбаева
БАӘ-дегі Дариға Назарбаеваға қатысы бар қонақүйлер мен виллалар: Қазақстан жаңа активтерді қайтарды
Қазақстан ірі активтерді қайтарды. Олардың қатарында қонақүй кешені, әкімшілік ғимараттар, бизнестегі үлес, қымбат әшекей бұйымдар мен көліктер бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының хабарлауынша, компанияның балансына жалпы сомасы 89,9 миллиард теңге болатын 70 актив берілді.
Қазақстандағы активтер
Бұл сомаға түрлі жылжымайтын мүлік пен актив, оның ішінде 2,8 миллиард теңгенің зергерлік бұйымдары кіреді. Берілген активтерге: тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, "Думан" қонақүй кешені, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестері ("Жаркент су", "Тұлпар"), өндірістік база, асхана, жанар-жағармай құю станциясы, жер телімдері, аяқталмаған құрылыс және тағы басқалары бар.
"Думан" қонақүй кешені. Фото: hotelduman.com
Айта кетейік, Forbes мәліметінше, 2023 жылғы мамырда Дариға Назарбаева сол кезде Астанадағы "Думан" қонақүй кешенін басқарған A-Service Management ЖШС-ның үлесіне ие болған DLS Group Holding Company ЖШС-ның иесі болған.
Шетелдегі активтер
Басқарушы компания сонымен қатар төрт елде орналасқан активтерді қайтарды. Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде жалпы құны 17 миллиард теңгеден асатын екі вилла мен екі автокөлік бар.
- Ресейде жалпы сметалық құны 4,78 миллиард теңге болатын бес пәтер, бес қойма және бес автотұрақ;
- Түркияда жалпы құны 4,20 миллиард теңге болатын екі тұрғын үй және бір пәтер;
- Францияда жалпы сметалық құны 3,82 миллиард теңге тұратын төрт пәтер.
Сатылған активтер
Бұл активтердің ішінде БАӘ-де екі көлік, сондай-ақ Түркияда екі тұрғын үй мен бір пәтер сатылған.
БАӘ-дегі екі вилла, сондай-ақ Ресей мен Франциядағы жылжымайтын мүлік әлі де сатылып жатыр.
Қазақстанда Астанадағы екі қабатты тұрғын үй, әкімшілік ғимарат, жер телімі және Алматыдағы "Орион" бизнес орталығы сатылды.
Салынып бітпеген "Орион" бизнес орталығы. Фото: e-auction.gosreestr.kz
Сатылатын не бар?
Жалпы компания қазір жалпы сомасы 9,1 миллиард теңгеге 11 активті, оның ішінде бес жер телімін сатып жатыр.
2024 жылғы 23 шілдеден бастап 12,6 миллиард теңгенің активтері сатылды. Қазақстан бойынша жалпы 8,2 млрд теңгенің, шетелде 4,4 миллиард теңгенің мүлкі сатылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан