28 тамызда Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы БАӘ-де қаза тапқан қазақстандықтар Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың мәйітін елге жөнелтуді ұйымдастырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, БАӘ құқық қорғау органдары қазақстандықтардың қазасына қатысты мән-жайды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"Қазақстандық дипломаттар әмірлік тарапының прокуратурасымен және басқа да құзыретті органдарымен байланыста отыр. Сондай-ақ марқұмдардың отбасына қажетті көмек көрсету жалғасады", – деді Жанболат Үсенов.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Бұған дейін 2006 және 2004 жылы туған қыздардың Шарджа қаласында жұмыс бабымен жүргені хабарланған еді. Олар тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Қазақстанға оралуы тиіс болған, алайда шамамен бір апта бұрын жақындарымен байланысқа шығуды тоқтатқан.
Қаза тапқандардың туыстарының айтуынша, олар қыздарды бірнеше күн бойы іздеген.
"Біз оларды барлық жерден іздедік, көші-қон полициясында шығар деп ойладық. Бірақ кейін бізге екі адамның мәйіті табылғанын және олардың біздің қарындастарымыз екенін хабарлады. Оларды өлтіріп кеткен. Сондай-ақ күдіктінің ұсталғанын, оның да Қазақстан тумасы екенін айтты", – деді туыстары.
Сыртқы істер министрлігі жергілікті билік оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz