Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың "жүрегі тоқтап", қайтыс болды. Қыздардың құжаттарында өлім себебі осылай көрсетілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
БАӘ полициясы марқұмдардың әкесі туыстық байланысты дәлелдеу үшін ДНҚ тапсырғаннан кейін ғана сүйекті берген. Мейрам Боханов марқұм қыздарын Қазақстанда, жерлеу рәсімі алдында ғана көрген.
"Мешітте ғана беттерін аштым. Ағам екеуміз көрдік. Анасы көрген жоқ. Олардың жарқын бейнесі мен бақытты сәті жадында қалсын дедік", - деді Мейрам Боханов.
"КТК" кадры
Былтыр желтоқсанда Шарджаға жұмыс істеуге кеткен екі жас қыздың өмірі не себепті қиылғаны ата-анасына әлі де беймәлім. Қазір олар Ақжан мен Жұлдыз байланысқа шықпай қалған екі апта бұрынғы сұмдық оқиғаның мән-жайын біртіндеп анықтап жатыр.
"Жүрегі тоқтаған" дейді. Олар қалай өлгенінін немесе қалай өлтірілгенін нақты білмейміз. Интернетте тарап жатқан ақпараттың бәрі - өтірік! Сенбеңіздер! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз", - деді қыздардың әкесі.
Бұған дейін іс бойынша күдікті анықталып, ұсталғаны айтылған еді. Қыздардың әкесінің сөзінше, күдікті - Қазақстан тумасы.
Қыздардың бірі небәрі 20 жаста, екіншісі 22 жаста болған. Олардың сүйегі жалдамалы пәтерден табылған. Олар Шарджаға жұмыс іздеп кеткен. Ата-аналарының айтуынша, қыздар сұлулық салонында жұмыс істеген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова