Азық-түліктің бәрін бірдей мұздатқышта ұзақ сақтауға болмайды. Бұл туралы Ресей сапа жүйесінің маманы Елена Спеценко "Лента.ру" басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның сөзінше, мұздатылған өнімнің сапасын сақтау үшін қаптамада көрсетілген өндіруші талаптарын қатаң ұстану қажет. Егер өнімді −18 градус температурада 30 күн немесе алты ай сақтауға болатыны жазылса, бұл мерзім бекер көрсетілмеген. Сондықтан оны ескерусіз қалдыруға болмайды.
Сарапшы үй жағдайында азық-түлікті мұздатқанда да бірқатар ережені сақтау маңызды екенін атап өтті. Әсіресе мұздатқышқа бірден көп мөлшерде өнім салмаған жөн.
"Ең бастысы – өнімнің қаншалық тез мұздайтыны. Егер ол баяу қатса, ішкі құрылымы бұзылады. Соның салдарынан ет, балық немесе жидектер еріген кезде сөлін жоғалтып, құрғап, жұмсарып кетеді. Бұған жол бермеу үшін азық-түлікті шағын бөліктерге бөліп, бір қабат етіп орналастырған дұрыс. Мұздатқышта жылдам мұздату режимі болса, оны алдын ала қосып қойыңыз. Сондай-ақ, мұздатқышты лық толтырмаңыз. Суық ауа өнімдердің барлық жағына бірдей жетуі керек", – деді Спеценко.
Маман мұздатқыштың өзін күтіп ұстау да маңызды екенін ескертті.
Оның айтуынша, No Frost жүйесі жоқ мұздатқыштарды мұз қабатының қалыңдығы 3–5 миллиметрге жеткенде немесе әр үш-алты ай сайын ерітіп, тазалап отыру қажет. Бұл ретте қатқан мұзды өткір металл заттармен қырып алуға болмайды. Өйткені мұндай әрекет құрылғыны зақымдауы мүмкін.
Ал No Frost жүйесі бар мұздатқыштарды қолмен ерітудің қажеті жоқ. Дегенмен оларды да алты айдан бір жылға дейінгі аралықта жуып, тазалап тұрған жөн, деп кеңес берді сарапшы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz