"Азық-түлік өте қымбат". Сауда министрі халыққа көбірек жұмыс істеуге кеңес берді

"Азық-түлік өте қымбат". Сауда министрі халыққа көбірек жұмыс істеуге кеңес берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға азық-түліктің бағасы жоғары екенін айта бермей, көп жұмыс істеп, табысты арттыруға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист елімізде азық-түлік өте қымбат екенін меңзеп, министрге "қазақстандықтар қашан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсауды қояды?" деп сауал жолдады.

Арман Шаққалиев халыққа көбірек жұмыс істеуге кеңес берді.

"Не бойтесь больших расходов, бойтесь маленьких доходов" деген сөз бар. Cондықтан сіз көбірек ақша тауып, көбірек (өнім - еск.) өндіруіңіз керек. Азық-түлік себеті мен тұтыну тауарларына тоқталайын. Баға өзгеріп отырады. Өзімізді тауармен қамтамасыз ететін жерде бәсекелестіктің деңгейі жоғары жәна нарықтық деңгейде болады. Сондықтан болжам жасай алмаймыз. Сізге 1,5 жылдан кейін 54 тауар позициясының қалай өзгеретінін айта алмаймын.

Адам өз қажеттілігін толық қанағаттандыра алатын жағдайда әртүрлі себет (тағамдар - еск.) пен есептеу бар. Мұндай мәселеде кірісті арттыру үшін өндірісті ұлғайту керек", - деді министр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Есен