- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- азық-түлік лайфхак
Азық-түлік дүкенінде ақша үнемдеудің 10 жолы
Көп жағдайда адамдардың кірісінің көп бөлігі тамаққа кетеді. Бұл жағдайды өзгерту үшін азық-түлікке кететін ақшаны үнемдеуге көмектесетін бірнеше ережені сақтаған жөн, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тізім құрыңыз
Бір аптаға немесе айға рационды жоспарламас бұрын, жалпы тамаққа қанша ақша жұмсайтыныңызға анализ жасаңыз. Шығындарды жазып жүрмесеңіз, оны банк қосымшасындағы карта тарихынан қарауға болады. Қанша ақша үнемдегіңіз келетінін анықтаңыз, содан соң оған сай жаңа мәзір құрыңыз.
Ең басты ереже - дүкенге барарда қажет азық-түліктің тізімін жасап алу. Сол тізімді қатаң сақтаңыз. Сізге қажет емес өнімдердің қасына жай қарау үшін де тоқтамаңыз.
Өнімді қаптамасының әдемілігіне қарап алмаңыз
Дүкендердегі азық-түліктің қаптамалары бір-бірінен асып тұр. Өнімдер тұтынушылардың көзіне түсу үшін маркетологтар мен дизайнерлер олардың қаптамаларын барынша қанық, қызықты етуге тырысады. Өнімнің қаптамасы оның сапасының жақсы екенін көрсетпейді. Оның орнына өнімнің құрамын оқыңыз және оның жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
Маусымдық өнімдерді алыңыз
Әр маусымның өз өнімдері бар. Мысалы, қазір күзде алма, асқабақ, қызылша секілді көкөністер мен жемістерге мән беріңіз. Әрине, қазір барлық көкөніс пен жемісті жыл бойы жеуге мүмкіндік бар. Қазір тіпті қыста да қарбыз алып жеуге мүмкіндік бар. Бірақ маусымдық өнімдер пайдалырақ және арзанырақ болады. Сондай-ақ маусымдық өнімдер экологиялық жағынан таза келеді, себебі өндіруші оларға химикаттар қолданбайды.
Дүкеннің бонустық картасын пайдаланыңыз
Көпшілік супермаркеттер өздерінің бонустық немесе жинақтаушы картасын ұсынады. Егер үйіңіздің қасында орналасқан немесе сіз жиі баратын дүкен сондай карта ұсынса, оны сатып алып (ол әдетте арзан тұрады), барған сайын пайдаланып тұрыңыз.
Бір реттік пакеттерден бас тартыңыз
Бір реттік пакеттерді пайдаланбауға екі себеп бар. Бір жағынан, көпшілік дүкен оны сатады. Ол арзан тұрғанымен, күнде жұмыстан кейін дүкенге соғып, оны сатып алу тиімсіз. Екінші жағынан, ол қоршаған ортаға зиянды материалдан жасалады. Сондықтан оның орнына өзіңізбен бірге азық-түлікке арналған арнайы пакет немесе сөмке салып жүріңіз.
Отбасы мүшелерімен ақылдасыңыз
Әдетте азық-түлікке арналған ақшаның көп бөлігі чипси, тәтті газдалған сусындар және тәтті тіскебасарлар секілді зиянды өнімдерге кетеді. Бұл өнімдер қымбат және ағзаға зиян. Сондықтан отбасы мүшелерімен ақылдасып, оның орнына пайдалы тіскебасарлар алып қойыңыз. Мысалы, бал, жаңғақтар, кептірілген жемістер және т.б.
Азық-түлікті дұрыс сақтаңыз
Ақша үнемдеу үшін дүкендегі ғана емес, асүйдегі әрекетіңізді де дұрыстау керек. Азық-түлік уақытынан бұрын бұзылып кетпес үшін оларды дұрыс сақтау маңызды. Мысалы, тоңазытқыштың есігі - ең жылы жер. Сондықтан ол жерге жылдам бұзылатын өнімдерді қоюға болмайды.
Маркетологтардың қулықтарын біле жүріңіз
Әдетте, бірінші қатарларға жарамдылық мерзімі өтуге жақын қалған өнімдерді қояды. Тіпті қарапайым нанның өзін алып қарасақ, жаңа піскендерін артына, ал қалғандарын бергі бетіне қояды. Қымбат тауарлар көзге көрінетін жерде тұрады. Ал сәл арзандау тауарлар төменгі сөрелерде тұрады. Сондай-ақ балаларға арналған тәттілерді баланың қолы жететін жерге қояды. Түрлі шоколадтар, сағыздар және газдалған сусындар кассада, яғни кезегіңізді күтіп тұрғанда көз алдыңызда тұратынын байқаған боларсыз. Импульсивті сауда жасаудан аулақ болыңыз. Мұндай қулықтарға берілмеңіз.
Дүкенге тамаққа тойып барыңыз
Қарны аш адамның көзі тойымсыз болады екен. Сондықтан аш қарынға сауда жасаған адам барлығын да сатып алғысы келіп, тым көп қаражат жұмсап қоятындығын ғалымдар бұрыннан-ақ дәлелдеп қойған. Дүкенге жиналдыңыз ба, тамақтанып алыңыз. Есесіне, босқа шығынданбайсыз.
Арба емес, қолыңызға себет алыңыз
Сіз неғұрлым көп зат сатып алсаңыз, соғұрлым дүкенге пайдалы. Арбаны сүйрету жеңіл, бірақ оның ішіне ойланбастан көп өнім алып қою қаупі жоғары. Әдетте, себет ауырлай бастағанда адамдар еріксіз кассаға қарай жақындай бастайды. Осы ережені ұстансаңыз, бұл сізді аса қажет емес қатарларды аралап, көзге түскеннің бәрін сатып алудан алшақтатады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова