Қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектердің бағасына қатысты мәселелер бойынша қалалық прокуратураның мобильді тобымен байланысуға болады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстанда 1 сәуірден бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасы енгізілді.
Атап айтқанда, бірінші сортты бидай ұнынан жасалған нанның шекті бөлшек бағасы – 150 теңгені, бірінші сортты бидай ұнының келісі – 197 теңгені, өлшемелі кеспе – 230 теңгені, өлшемелі арпа жармасы (дән) – 339 теңгені, өңделген өлшемелі күріш – 307 теңгені, сиыр еті (сүйектері бар жауырын-кеуде бөлігі) – 2 113 теңгені, тауық жұмыртқасы (ондық, бірінші санат) – 351 теңгені, күнбағыс майы – 481 теңгені, ас тұзы («Экстрадан» басқа) – 55 теңгені құрайды.
«Бекітілген баға мөлшерін арттырғаны үшін 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл салу туралы әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деп хабарлайды қалалық прокуратура.
Карантин кезінде туындаған барлық мәселелер бойынша, тауарлар мен дәрі-дәрмектерді алуда алып-сатарлыққа тап болған жағдайда Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының мобильді тобына 8 (7172) 71-24-97, 8-701-999-17-59 номері арқылы хабарласуға болады.