Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр әлеуметтік маңызы бар тауарларға Үкімет бекіткен 15 пайыз мөлшеріндегі сауда үстемесін сақтау қажет екенін еске салып, заңбұзушылық анықталған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Жыл басынан бері министрліктің аумақтық департаменттері 2562 әкімшілік қаулы қабылдаған, оның ішінде 1360-ы - 56,5 миллион теңгеден асатын айыппұл, 1202-cі - ескерту. ӘҚБтК-нің 204-4-бабына сәйкес сауда үстемесін асырып жібергені үшін 2191 қаулы шығарылған, соның ішінде 39,6 миллион теңге айыппұл салынған.
"Ет өнімдері нарығында белгіленген сауда үстемесі сақталуына ерекше назар аударылады. Әлеуметтік маңызы бар сиыр етіне үстеме бағаны асырғаны үшін 45 қаулы рәсімделді, оның 33-і - айыппұл. Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, мониторинг топтар құрып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова