Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Беларусь президенті Александр Лукашенконың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жақында Беларусь Республикасының президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайық баға бердім. Менің ойымша, бұл қажет емес. Өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко ресейлік журналистің сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстанды одақтас мемлекетке "шақырған" болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!