Қазақстан құрамасы нысана көздеуден 2026 жылғы Азия ойындарының қола медалін иеленді, ал Стелла Суханова мен Дмитрий Холмогоров байдаркада есуден ел қоржынына "қола" салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан әйелдер құрамасы Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында нысана көздеуден іріктеу кезеңінде өнер көрсетті.
50 метр қашықтан үш қалыпта мылтықпен ату бойынша Қазақстан намысын Арина Малиновская, София Шульженко және Елизавета Безрукова қорғады.
Іріктеу қорытындысы бойынша Арина Малиновская 587 ұпай жинап, тоғызыншы орынға тұрақтады және финалға жолдама алды. Шульженко 585 ұпаймен 14-ші орын иеленсе, Безрукова 582 ұпаймен 22-ші орынға табан тіреді. Олар шешуші кезеңге өте алмады.

Фото: Сали Сабыров
Іріктеу нәтижелері командалық есепте де ескерілді. Қазақстан құрамасы 1754 ұпай жинап, қола медаль иеленді. Бірінші орынды Қытай (1773 ұпай), күміс жүлдені Үндістан (1763 ұпай) иеленді.
Қазақстандық спортшы Стелла Суханова Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында байдарка мен каноэде есуден қола жүлдегер атанды.
500 метр қашыққа бір кісілік байдаркада есудің финалында Суханова үшінші нәтиже көрсетті. Қазақстан өкілі бұл қашықты 1 минут 59,688 секундта басып өтті.
Жеңісті 1:55,999 нәтижесімен қытайлық Ван Нань иеленді. Күміс медаль өзбекстандық Арина Танатмишеваға бұйырды - 1:57,769.
23 жастағы Суханова үшін бұл - биылғы Азия ойындарындағы екінші марапат. Бұған дейін ол 500 метр қашықта қазақстандық төрттік құрамында қола жүлдегер атанған болатын.
Қазақстандық есуші Дмитрий Холмогоров Аичи мен Нагоядағы (Жапония) 2026 жылғы Азия ойындарының тұғырына көтеріліп, 500 метрге бір кісілік байдаркада есудің финалында үшінші нәтиже көрсетті.
Шешуші жарыста Холмогоров қашықты 1 минут 44,453 секундта жүріп өтті.
Өзбекстан өкілі Шахриёр Махкамов 1:43.642 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Екінші орынды 1:44.433 уақытын көрсеткен кореялық Джан Сан Вон иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін Стелла Суханова да бір кісілік байдаркада есуден (500 метр) үшінші орын алған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz