"Азғындар өзгермейді". Асхат Аймағамбетов сотталған педофилдерге бақылауды күшейтуді ұсынды

"Азғындар өзгермейді". Асхат Аймағамбетов сотталған педофилдерге бақылауды күшейтуді ұсынды
Фото: pexels.com

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде бостандыққа шығатын педофилдерге бақылауды күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бірнеше апта бұрын депутаттар өте маңызды заңды қабылдаған. Ол педофилдерді өмір бойы бас бостандығанын айыруға қатысты.

"Енді олар өмір бойы түрмеде отыруы керек. Бірақ бұл норма бұған дейін сотталған педофилдерге қатысты болмайды. Демек алдында сотталғандар бостандыққа шыға береді. Сондықтан біз заңға "Енді бостандыққа шығатын педофилдерге әкімшілік қадағалау немесе пробациялық бақылауды енгізу" керек деген норманы ұсындық", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Асхат Аймағамбетов, педофилдерді өмірбақи бақылауда ұстау керек деген ұстанымда. Себебі олар өзгермейді.

"Енді бостандыққа шығатын педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстау керек. Тіпті олар қайда жұмыс істейді, қай жерде тұрады, керек болса, картаға шығарып қою қажет. Өйткені бұл азғындар, айуандар ешқашан өзгермейді. Оны мен айтып отырған жоқпын. Бізге оны ғылым көрсетіп отыр. Бұл түзету неге қолданылмады?", - деді ол.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев бұл мәселені қарайтынын атап өтті.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz