"Әзербайжанның миллиардері, Малайзия королінен небір ұсыныс түскен". Дәулет Мұқаев Қыран Талапбекке араша түсті

Депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде Қыран Талапбекке араша түсті. Танымал мобилограф жуырда "Құрмет" орденінің иегері атанып, ел арасында сынға қалып еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Соңғы күндері әлеуметтік желіге аз кіріп жүрген жайым бар. Десе де бірнеше парақшадан Қыран Талапбектің Мемлекеттік награда - "Құрмет" орденімен марапатталғанын байқап қалдым. Шынымды айтсам, Қыран үшін өте қуаныштымын. Ал кейбір іші тар адамдар үшін көңілім түсті. Пікірлерді оқып, "біз өзі қандай қазақ болып кеттік" деп терең ойға батасын. Ниетіміз бұзылмасын. Мойындайықшы, елге "мобилография" деген ұғымға жаңа леп, жаңа серпіліс әкелген осы жігіт. Өзі көптеген адамға үйретіп, үлкен еңбек жасауда! Команда жинап, онымен жұмыс істеудің өзі - жеке еңбек. 100 мыңға жуық жас осы мобилография арқылы өз нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрген жайы бар. Әсерлі кадр, әдемі монтаж, шынайы эмоцияларды видеоға алу, оны көрсету де үлкен өнер. Қыранмен мен мүлде жақын таныс емеспін. Бірақ әрдайым тілекшімін", - деді депутат.

Дәулет Мұқаевтың парақшасынан

Депутат Дәулет Мұқаев Қыран Талапбекті жігерлендіріп, оған шартараптан қандай ұсыныстар түсіп жатқанын айтты.

"Мемлекеттік деңгейде Қазақстан имиджін видеолар арқылы көрсетіп, Президенттің өзін түсіру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Көптеген ел басшылары біздің мобилография деңгейіне қызығушылық танытуда. Ендігі қызықты қараңыздар, менің естуімше, оған Әзербайжанның миллиардері, Малайзия королі, Біріккен Араб әмірлігі елдері тараптарынан небір ұсыныстар, алпауыт компаниялардан жұмысқа шақырулар келіп жатыр. Қазақ баласына әлемдік деңгейде сұраныстың артқаны қандай жақсы?! Қыранның 1.1 миллион оқырманы бар парақшасына кіріп едім, мына суреттерді салмаған екен. Шамасы хейттен қорықса керек. Қыран Талапбек көре алмайтындардың пікірінен, сөзінен қорықпа. Тек алға баса бер. Атың затыңа сай болып, Қырандай қарыштай бер. Қанатың талмасын. Менің ойымша, сен бұл марапатқа әбден лайықсың. Қазақ баласы өсіп жатса, қуанайық! Артқа тартуды қояйық, сеніммен қарайық. Осындай жастармен мақтанайық!" - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін танымал мобилограф Қыран Талапбек "Құрмет" орденінің иегері атанғаны хабарланды.

Бұл жаңалықты кәсіпкер Сырымбек Тау айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!