Әзербайжандық кәсіпкер AZAL әуе апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына жаңа үй сыйлады

Әзербайжандық кәсіпкер AZAL әуе апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына жаңа үй сыйлады

2025 жылғы 7 ақпанда Ақтауда былтырғы желтоқсан айында Әзербайжан әуе компаниясының ұшақ апатында қайтыс болғандарды еске алу асы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іс-шараны Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі, Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі және Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамогланов, Әзербайжанның Ақтаудағы Бас консулы Айхан Сулейманлы, қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мүшелері, әзербайжан диаспорасының өкілдері, құтқару жұмыстарына қатысқан мекемелердің өкілдері, Ақтау қаласының жұртшылығы қатысты.

"Іс-шара барысында әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифов қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына Алматы қаласының жаңа тұрғын үй кешеніндегі бес екі бөлмелі пәтердің кілттерін табыс етті. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Сонымен қатар меценат Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне, Ақтау қаласының ауруханасы мен жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына үш жаңа автокөлік сыйлады", - делінген хабарламада.

Қаза тапқандардың жақындары мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге атсалысқан мекемелердің қызметкерлері әзербайжандық кәсіпкерге алғыстарын айтты. Облыс әкімі Н.Қилыбай Маңғыстау облысының жұртшылығы атынан ризашылық білдіріп, іс-шараның қазақ-әзербайжан достығының тағы бір жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова
Logotype Massaget