Әзербайжан президенті Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты

Әзербайжан президенті Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон соқты. Бұл туралы Әзербайжан басшысының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшылары бір-біріне, сондай-ақ ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

"Президент Ильхам Әлиев, ең алдымен, Қазақстан Президентіне құтқару жұмыстарын жүргізгені үшін алғысын білдірді. Әзербайжан мемлекетінің басшысы қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, зардап шеккендерді құтқаруға белсене атсалысқан қазақстандық құтқарушылардың жұмысын жоғары бағалады", - делінген хабарламада.

Әзербайжан президенті сондай-ақ Қазақстанның медицина қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен кәсіби медициналық көмегі үшін ризашылығын білдіріп, зардап шеккендердің көпшілігі отанына оралғанын, алайда кейбір Әзербайжан азаматтары әлі де Қазақстанда емделіп жатқанын атап өтті.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15.55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан