Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырау себептерін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі minval.az-ға сілтеме жасап.
"Әрине, соңғы нұсқа қара жәшіктерді ашқаннан кейін белгілі болады. Бірақ бастапқы нұсқалары да жеткілікті әрі деректерге негізделген. Әзербайжанның азаматтық ұшағына Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында зақым келіп, ол басқаруын жоғалтты. Сондай-ақ біздің ұшақ радиоэлектрон арқылы басқарылмайтын күйге келтірілгенін білеміз. Бұл - ұшаққа келтірілген алғашқы зиян", - деді Әлиев.
Ильхам Әлиев атқылау салдарынан ұшақтың құйрығы ауыр зақым алғанын айтты.
"Қайталаймын, қара жәшіктер ашылғаннан кейін, толық ақпарат алған кезде барлық мәлімет пайда болады, бүгін сұрақ туғызатын көп мәселе нақтыланады. Мысалы, неге ұшақ Грозный қаласына қона алмады? Электрон соғыс техникасы ұшақты басқаруға қаншалық әсер етті? Айқын нәрсені жоққа шығарып, оны жауып тастауға тырысу - ақылға қонымсыз нәрсе, ақымақтық", - деді Әлиев.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!