Әзербайжан президенті Ақтаудағы ұшақ апаты туралы айтты

Әзербайжан президенті Ақтаудағы ұшақ апаты туралы айтты

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауда ұшақ апаты туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ильхам Әлиев Санкт-Петербургтен Бакуге оралған соң бірден шұғыл жиын өткізіп, апаттың себептері әлі белгісіз екенін айтты.

"Маған жеткен ақпарат бойынша, Баку - Грозный бағыты бойынша ұшып шыққан AZAL әуе компаниясының ұшағы ауа райының нашарлауына байланысты бағытын өзгертіп, Ақтау әуежайына қарай қозғала бастаған, кейін қонатын кезде апатқа ұшыраған", - деді Әлиев.

Әлиевтің айтуынша, БАҚ пен әлеуметтік желілерде апат кезінде түсірілген кадрлар тарады.

"Алайда апаттың себептері бізге белгісіз. Әртүрлі нұсқа бар. Менің ойымша, бұл туралы айтуға әлі ерте. Мәселе толығымен зерттелуі керек", - деді ол.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15.55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан