Әзербайжанның танымал әншісі Роза Зергерлі есімінің қазақ әншісі Роза Рымбаеваның құрметіне қойылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қос Роза отандық шоулардың бірінде кездесті. Әзербайжан әншісіне "Жылдың үздік хит әні" марапатын Роза Рымбаева табыстады. Сахна төрінде әзербайжан әншісі толқынысын жасыра алмай, есімінің Рымбаеваның құрметіне қойылғанын айтты.
Айтуынша, Роза Зергерлі 1979 жылы дүниеге келген жылы Роза Рымбаеваның орындауындағы "Любовь настала" әні - жыл әні атанып жатқан. Әзербайжан әншісінің әкесі отставкадағы генерал-майор 21 жастағы қазақ әншісінің өнеріне ғашық болып, қызына Роза есімін берген.
"Мен Роза ханыммен кездесуді ұзақ күттім, бұрын фанаттардың сүйікті әншілерімен кездескен кездегі эмоциялық сәттерін түсінбейтін едім. Өзімнің басымнан өткергенде бақытты болдым. Адамның есімі оның өміріне үлкен әсер етеді. Осы әйелді жақсы көріп, маған Роза деп ат қойғаныңа рақмет, әке", - деді әзербайжан қызы.
Бір қызығы, Роза Рымбаеваның есімі де қазақтың жезтаңдай әншісі Роза Бағланованың құрметіне қойылған.
Айта кетейік, Роза Зергерлінің "Istədim" әні ТМД елдеріне кеңінен танылды. Әннің қазақша каверін Қайрат Нұртас орындап, бейнебаян түсіріп те үлгерген. "İstədim" әні YouTube-та жарияланғаннан кейін 10 күн ішінде 1 миллион қаралым жинады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз