ER-BATYR жобасының жаңа қонағы – белгілі қоғам қайраткері және әлеуметтік кәсіпкер Рауан Кенжехан. Жүргізуші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ол мемлекеттік қызметте адам бойында қандай қасиеттер болуы керек, неге адал бәсекелестік қажет, сонымен қатар, балаларды үлгі болудың және олардың алдында жауапкершілікті сезінудің неге соншалықты маңызды екенін айтты. Жобаның жаңа шығарылымын ER-BATYR YouTube-каналынан көріңіз.
Жобаның ұйымдастырушылары – Alash Media Group медиахолдингі және Montessori Qazaqstan қоғамдық қоры. Ақпараттық серіктестер – "Жетінші арна" және "ВКонтакте" әлеуметтік желісі. Жобаның серіктесі – Altel ұялы байланыс операторы.
Рауан Кенжехан – қоғам қайраткері, әлеуметтік кәсіпкер, Bilim Media Group электрондық білім беру компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі. Үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударатын "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" ұлттық жобасын жүзеге асыратын "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры.
Жоба қонағы мемлекеттік қызметте болған уақытына ризашылығын білдірді, өйткені осы кезеңде ол өзгеріп, жетілген. "Менің ойымша, адам өзінің не істеп жүргенін, іштей азаматтық ұстанымын, мақсаттарын ұмытпауы керек. Мемлекеттік қызметке толықтай беріліп кету үшін, өмірін соған арнауы үшін белгілі бір қасиеттер мен мінездер керек. Билікті жақсы көру керек. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ол да жұмыс үшін өте керек. Кейде қатыгездік керек. Шешім қабылдау үшін қаталдық қажет. Егер мұндай мінездер болмаса жұмыс істеу қиын", - деді ол.
Рауан Кенжеханның пікірінше, бизнеспен айналысқан кезде бәсекелестіктен аулақ болу мүмкін емес, бірақ ең алдымен ол адал болуы керек: "Кәсіпкерлік болғаннан кейін, әрине, біз нарықта жүргеннен кейін біреудің алдын ораймыз. Біреумен бәсекеге түсеміз. Бірақ, менің ойымша, сен сапамен, жұмысыңмен, істейтін жұмысыңның мазмұнымен жеңуің керек. Біз ешқашан ешкімді жамандап, балағаттап, жаман сөз айтып көрген емеспіз. Өйткені, олай жасауға болмайды деп ойлаймыз. Егер бір дүниеге таласың болса, жобаға, шаруаға, нарыққа, басқа дүниеге жаса. Ешкім кедергі етпейді. Бәріне бірдей мүмкіндік жасалған. Адалдық болуы керек, әділеттілік болуы керек, тазалық болуы керек. Өз жұмысыңа кез келген жерде жауап беретін болсаң, содан артығы жоқ".
Рауан Кенжехан өз жұмысында қазақ тілін дамыту үшін мүмкіндігінше көп нәрсе жасауға тырысады. "Менің ата-анамның екеуі де - ғалым, тілшілер, әдебиетшілер. Екеуі де Қазақстанның екі түкпірінен, шалғай ауылдан арман қуып, Алматыға келіп, басқа емес, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдап, сол мамандықта оқып, Совет уақытында қазақ тілі мен әдебиетіне ешкімнің сенімі жоқ, мұның болашағы жоқ деген кезде өмірін соған арнаған кісілер. Сондықтан, біз келген шаруаға келген кезде осы тіл мәселесін, әдебиет, руханият мәселесін ойдан шығармаймыз. Ол біз үшін - әлеуметтік жауапкершілік. Википедияға қазақ тілін қосып, оны дамыттық. Google-аудармашыға қазақ тілін қосып жатырмыз. Қазақстанның kitap.kz деген ең ірі онлайн-кітапханасын жасап шығардық. Осы жобаның бәрі тегін. Бұл ата тіліміздің алдындағы парызымыз деп ойлаймын. "Тіл" деп айта бергенше, нақты бір нәрсе жасау керек. Сондықтан, бұл бағытта біз жұмыс істей береміз. Ол да - ата-анамыз берген тәрбиенің маңызды бөлігі", - деді ол.
Жоба қонағының айтуынша, баланы тәрбиелеген кезде оған үлгі болуы керек: "Бос уақыттың бәрі, әрине, балалармен үйде өтеді. Мұнда кестемнен арнайы уақыт бөліп, мынау балаларымның уақыты деу жасандылық секілді. Әр сәтте не істеп жатсың, не айтып тұрсың, не киіп тұрсың, ішіп-жегеніңнің өзі, қимыл-қозғалысының бәрі - жауапкершілік және тәрбиенің бір бөлігі екенін түсінесің".
Сонымен қатар, Рауан Кенжехан ата-ананың өз балалары алдында жауапкершілікті сезінуі неге соншалықты маңызды екенін айтты. "Менің ойымша, әр балаға, әр адамға ең ықпалы зор адамдар - ата-анасы. Өмірде түрлі жағдай болады ғой, тағдыры әр түрлі адам бар, бұл ізсіз қалуы мүмкін емес. Сол себепті кез келген әйел адамның ең бірінші үлгісі - ол анасы. Ал оған болашақта бүкіл өміріне, жар таңдауына, азаматтардың қылықтарын бағалауына әсер ететін ер азаматтың үлгісі - әкесі. Сондықтан, әрбір ата-ана балаларының алдындағы өзінің осындай үлкен жауапкершілігін сезінуі керек", - деді ол.
ER-BATYR – ер адамдарға арналған ерлер туралы, ер адамның қоғамдағы ролі, оларға артылған жауапкершілік пен саналы ер адамның отбасының және қоғамның дамуына қосатын үлесі жайлы жоба. Жоба аясында танымал кәсіпкерлер, спортсмендер, түрлі мамандық иелері өмір құндылықтары, жанұясының тұрмыс-салты, сондай-ақ ер адамның отбасындағы және қоғамдағы ролі туралы айтады.
Бұған дейін жоба қонақтары заңгер, блогер, марафон-жүзуші, Oceanman кітабының авторы Ержан Есімханов, альпинизмнен еңбегі сіңген спорт шебері Мақсұт Жұмаев, Chocofamily Holding-тің негізін қалаушы және СЕО Рамиль Мухоряпов, "Жаңа Ұрпақ" республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Асхат Абжанов, танымал футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Давид Лория, сондай-ақ актер Тәуекел Мүсілім болған.