Алматы жолдарына жасырын патрульдер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Ішкі істер министрлігі мәліметінше, бұл патрульдік полиция қызметкерлерінің азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ көліктермен қозғалып, қызмет атқаруын білдіреді.
Негізгі мақсат - жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау. Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, "шахмат" тәсілімен жүру, басқа көліктерді қысып өту және жол апаты жағдайын туындату секілді қауіпті әрекеттер бар. Жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады.
Өткен демалыс күндерінің өзінде Алматыда 28 дерек анықталған.
"Барлық құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды. Жасырын патрульдерді енгізу жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол апатының алдын алуға бағытталған", - деді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін іс-шараға Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан келген қосымша күштер тартылғаны хабарланды. Нәтижесінде екі күнде 2 мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова