- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Азаматтық" VS ресми...
"Азаматтық" VS ресми неке. Айырмашылығы қандай?
Қазіргі кезде ресми некеде тіркелмеген, бірақ бірге тұратын жұпты көру таңғаларлық жайт емес. Тіпті бірге тұрудың мұндай түріне халық өзі "Азаматтық неке" деген атау берген. Алайда Қазақстан Республикасының заңнамасында мұндай тіркес те, ұғым да жоқ. Сондықтан бірнеше жыл бойы бірге тұрып, екі жаққа кетеміз деп шешетін болсаңыздар, жылдар бойы сатып алынған мүлікті бөлу кезінде қиындық тууы мүмкін. Осы тұста Massaget.kz тілшісі қазақстандық адвокат Альбина Бахтиярқызымен бірлесіп "азаматтық" және ресми тіркелген некенің ара-жігін ажыратып көрді.
Ресми тіркелген неке
Елімізде мемлекеттік азаматтық хал актілерін тіркеу мекемелерінде тіркелген неке ғана заңды саналады.
Яғни, ҚР Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы туралы заңның 13-бабына сәйкес, неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады. Неке ресми тіркелген сәттен бастап ерлі-зайыпты бір-бірінің алдында міндеттері мен құқығы пайда болады. Бұл осы кодекстің 29-бабында көрсетілген.
Сондай-ақ, заңды ерлі-зайыпты болып саналатын адамдардың бірлескен ортақ меншігі бар. Ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Осы кодекстің 32-бабында көрсетілгендей, егер ерлі-зайыптының бірі белгілі бір себептермен жұмыс істемей, үйде отырған болса да бірлескен ортақ мүлікке құқы бар. Ол үй шаруашылығын жүргізген, балаларды бағып-күтуді жүзеге асырған немесе басқа да дәлелді себептермен жеке кірісі болмаған жұбай.
Ерлі-зайыпты некені бұзу туралы шешім қабылдаған жағдайда мүлік теңдей екіге бөлінеді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптының бірі мүлікті сату, сыйлыққа беру немесе басқа да шешім қабылдайтын болса, оның жүзеге асуы үшін екінші зайыбының нотариат куәландырған келісімін алуы қажет.
Ресми некесі заңды тұрғыда тіркелген ерлі-зайыптының әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті.
Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді.
Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.
Ал некеде ресми тіркелген ерлі-зайыптының баласы дүниеге келсе, оның туу тегін белгілеу бір-бірімен некеде тұратын адамдардың неке туралы жазбасымен куәландырылады.
Фото: Tengrinews.kz
"Азаматтық неке"
Ал "азаматтық некенің" жайы бөлек.
"Азаматтық неке" дегеніміз екі ересектің өзара қарым-қатынасын АХАТ-та тіркемей, бірге тұруы. Мұндай некенің заң алдында ешқандай күші жоқ, өйткені ол ресми тіркелмеген. Осыған байланысты, бірге тұратын екі адамның да бір-бірінің алдында құқығы мен міндеттері болмайды. "Азаматтық некедегі" адамдардың қатынасын құжат жүзінде дәлелдей алмайсыз, оған қоса оны сот та мойындамайды, сондықтан заң алдында мұндай адамдар бір-біріне бөтен.
Бірнеше жыл бойы азаматтық некеде тұрған адамдардың бірге тапқан мүлкі ортақ болмайды. Үй, көлік және екеуінің қаражатына сатып алынған кез келген басқа да мүлік заң бойынша ресімделген адамға ғана тиесілі болады. Егер бірге тұратын адам қайтыс болса, оның серіктесі де мұрагерлікке құқылы емес, өйткені мұрагер ретінде бірінші кезекте, заңды ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар саналады.
Сонымен қатар, бірге тұрған адамдарда бала туылса, оның туу тегін белгілеу қиынға соғуы мүмкін. Себебі, алдымен әкелікті дәлелдеу қажет. Әкелікті екі жолмен дәлелдеуге болады, біріншісі, ер адамның аты-жөнін баланың туу туралы куәлігіне енгізу, екіншісі, сот-генетикалық сараптама жасату. Екі ересек адам екі жаққа кетеміз деп шешсе де, баланың кіммен қалатынын сот арқылы ғана анықтай аласыз. Егер баланың анасы некесіз бірге тұрған адамынан алимент өндіргісі келсе, ол адам туу туралы куәлікте белгіленбеген болса, сотқа жүгіну керек болады.
Бұдан бөлек, некесіз бірге тұрған адамдар бір-бірінің денсаулығына қатысты мәселесіне де шұғыл шешім қабылдауға құқы жоқ. Мысалы, егер бірге тұратын екі ересектің біріне ота жасату керек болса, бұл жағдайда екінші жақ шарасыз күйде қалады. Өйткені науқастың денсаулығына қатысты барлық шешімді туыстары ғана қабылдай алады.
Фото: "Дорога перемен" фильмінен алынған кадр
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық адвокат азаматтық некеде тұрудың кемшіліктерін айтқаны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Эндемиялық зоб пен кретинизм ауруларының пайда болу себебі неде?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә