"Жұлдызды жұп" бағдарламасында Ninety One тобының бұрынғы мүшесі, рэпер A.Z-мен бірге өнер көрсетіп жүрген Индира Елемес Азамат Зенкаевті жобаға қатысу үшін өзі шақырғанын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Индира Елемес пен Азамат Зенкаев "1001 түн" бағдарламасында қонақ болып, жобаға қатысты пікірін ортаға салды.
"Жобаға шақырту келді. Мен бірден Азаматқа ұсыныс жасадым. Азаматты таңдамағанда, басқа кімді таңдар едім? Иә, білемін, екеуміз екі бағыттағы әншіміз. Бірақ маған эксперимент жасаған өте қатты ұнайды. Біреу маған қиын тапсырма берсе, соны орындағанша еңбектене беремін. Маған ұнап жатыр", – деді Индира Елемес.
A.Z әншінің ұсынысына бірден келісім бере қоймай, біраз ойланыпты.
"Бірден келістім деп айта алмаймын. Ойландым. Ойлана келе қатысамын деген шешім қабылдадым. Халықтың алдына шығайыншы бір дедім. Жанкүйерлеріме де қызық болатын шығар деп ойладым. Негізі бұған дейін ешқандай телевизиялық жобаға қатыспағанмын. Бұл жолы Индира ханым көндірді", – деді Азамат Зенкаев.
Еске салайық, жақында танымал қазақстандық әнші Ақбота Керімбекова Qazaqstan телерадио кешенінің басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға "Жұлдызды жұп" жобасында болған келеңсіздіктерге байланысты үндеу жасаған болатын. Әншінің үндеу жасауына "Жұлдызды жұп" атты жаңа жобаның дұрыс ұйымдастырылмауы және отандық телеарналардағы жобаны, тендерді жеңіп алудың түрлі жолдары себеп болған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз