“Азаматтардың жеке дерегі сатылымға шығарылды“ деген ақпарат тарады: ІІМ мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрлігі өкілдері азаматтардың жеке дерегі сатылымға шығарылғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, "азаматтардың жеке дерегі сатылымға шығарылды" деген ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызған. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ақпаратты тексерген.

"Бүгінде eGov порталына заңсыз кіру немесе қол жеткізу дерегі тіркелген жоқ. Сонымен қатар, мұндай хабарландыру жариялануы назардан тыс қалмады. Қазір хабарландыруды жариялаған тұлғаны, ұсынылып отырған дерек қайдан алынғанын, сондай-ақ, оларды заңсыз алуға және таратуға қатысы бар барлық адамды анықтау бойынша қажет шаралар қабылданып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайтынын, бұл жұмыс ведомствоның ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының дерегі тарады" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!